Өзбекстандық өндірушілер қазақстандық импорттаушыларына аяқ киімдерді таңбалау қызметтерін тегін орындауға дайын

Қазақстанға әкелінетін аяқ киімінің импорты бойынша Өзбекстан бірінші орында тұр. Таңбалау және қадағалаудың бірыңғай операторы бірқатар кездесулер өткізді, оның барысында Өзбекстанның ірі аяқ киім өндірушілері қазақстандық импорттаушыларына аяқ киімдерді таңбалап беруге дайын екендіктерін мәлімдеді.

Өзбекстан Республикасы Статистика агенттігінің мәліметі бойынша, 2023 жылдың қаңтар-наурыз айларында Өзбекстан Қазақстанға 2 миллион 400 мың жұп аяқ киім экспорттады: бұл үй тәпішкелері, угг етіктері, сарбаздарға арналған етіктер мен кроссовкалар. Қазақстанда көлеңкелі экономиканың жоғары көрсеткішіне байланысты аяқ киім өнімдері міндетті түрде таңбалау және қадағалауға жатады – аяқ киімнің 48%-дан астамы елге заңсыз әкелінеді.

Қазақстанның тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай операторы өткізген келіссөздер нәтижесінде өзбекстандық өндірушілер Қазақстанға әкелінетін аяқ киімдерді тегін таңбалауға дайын екендіктерін білдірді. Осылайша Өзбекстаннан әкелінетін аяқ киімнің таңбалануы өнімнің  бағасына әсер етпейді.

Өзбекстанның аяқ киім өнеркәсібі өкілдерінің бірі «Аpollo» брендімен арнайы аяқ киім шығаратын «Gozal biznes plyus» компаниясының коммерциялық директоры Игорь Тюлев болды. Компания бірнеше жылдан бері Қазақстан нарығына өз өнімін экспорттап келеді. Игорь Тюлев аяқ киімді таңбалауға қатысты қазақстандық заңнамалық талаптардан хабардар екенін және қазақстандық аяқ киім импорттаушыларына өндірістік таңбалау қызметін тегін көрсетуге дайын екенін білдірді.

«Косонсой әл-Азиз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сияқты бірқатар өзбек аяқ киім өндіруші компаниялардың өкілдері аяқ киімге үлкен көлемдегі тапсырыстар берліген жағдайда, аяқ киім өнімдеріне таңбалау кодтарын тегін қолдану бойынша қызметтерді көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.

«Біз Алматыға 2 апта сайын аяқ киім тиелген бір жүк көлік жібереміз. Жүк көлігінде шамамен 12 мың жұп аяқ киім бар. Біз аяқ киімді таңбалау туралы естіп қана қойған жоқпыз, сонымен қатар біз осындай қызметті ресейлік импорттаушылармен жұмыс барысында көрсетеміз. Біз Қазақстан импорттаушыларына бұл қызметтерді тегін көрсетуге дайынбыз», — деп бөлісті Azmaro брендімен аяқ киім шығаратын «Шарк Равон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкері Захид Қасымов.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда аяқ киім өнімдерін міндетті түрде таңбалау 2021 жылдың 1 қарашасынан бастап енгізілген болатын. Цифрлық таңбалауды және бақылауды енгізу нәтижесінде ресми аяқ киім импорты 30%-ға өсті (37,2 млн жұптан 53,1 млн жұпқа дейін). 1 сәуірден бастап тауарларды таңбалау және қадағалаудың ақпараттық жүйесінде (ТТҚ АЖ) тіркелген аяқ киім көлемі 3 есеге жуық артты. Кәсіпкерлер таңбалауды енгізу аяқ киім өнімдерінің қымбаттауына әсер етпегенін атап өтті.