2021 жылдың қыркүйегінен жоғары оқу орындары педагогтарының жалақысы өседі

Биыл жаңа оқу жылынан бастап жоғары оқу орындарының штаттағы оқытушылары үшін минималды жалақы белгіленеді деп хабарлайды Шымкент ақпараттық коммуникациялық орталығы. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

«Оқытушыларға лайықты жалақы төлеп, олардың қалыпты жұмыс атқаруы үшін жағдай жасау — жоғары білім сапасын арттыру үшін маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында жоғары оқу орындарындағы педагогикалық-оқытушылық құрамның жалақысын арттыруға қатысты тапсырма берген болатын. Нәтижесінде 2019 жылғы қыркүйекте Білім және ғылым министрлігіне тікелей бағынышты ЖОО оқытушыларының жалақысы 20 пайызға, кейін 2020 жылғы қыркүйек айында тағы 20 пайыз ұлғайтылды», — деп жазды министр Facebook-парақшасында.

Дегенмен, оның атап өтуінше, қабылданған іс-шараларға қарамастан жалақы көлемін әлі де арттыру қажет. Бұл ретте, болған жалақының базасының төмен болуына байланысты, тіпті жалақыны 20-40 пайызға ұлғайту да жеткіліксіз болып отыр.

«Кейбір жоғары оқу орындары оқытушылардың жалақысын көтеру кезінде лауазымдық жалақы мөлшерін негізге алған. Ал лауазымдық жалақы мөлшері оқытушылардың түрлі қосымша ақыларды қоса алғандағы нақты жалақысынан төмен екенін айта кеткен жөн. Басқа жоғары оқу орындары жалақыны педагогикалық жүктемені көбейту арқылы арттырды. Нәтижесінде бірқатар оқу орнында оқытушы ставкасының 900 сағатқа дейін жетті», — деді ол.