Түркістан облысында полицейлер оқушыларды музейге апарды

Түркістан облысында республикалық «Мен және менің полицейім» атты іс-шара өз жалғасын табуда. Мәселен, Арыс АПБ полицейлері шара кезінде оқушыларды «Арыс қалалық музейіне» алып барды. Онда кәмелетке толмағандарға қоғамның дамуы жолында қызмет еткен ел ағаларын үлгі өнеге ретінде таныстырып, Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің еңбек жолдарын көрсетті. Шараның мақсаты – оқушылардың Ішкі істер органына қызығушылығын арттыру. Өзінің әкімшілік аумағына қарайтын полицейлермен жақын болуды, етене араласуды ұйымдастыру. Полицейдің қорғаны екенін ұғындыру. Ары қарай осындай іс-шара Төлеби ауданының полицейлерінің ұйымдастыруымен өтті. Акцияға №7 IT мектеп оқушылары қатысты. Мұнда кәмелет жасына толмағандардың құқықтық сауатын арттырып, полиция қызметінің қыр-сырымен таныстыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар тәртіп сақшыларының күнделікті жұмыс тәжірибесіне оқушылардың назарларын аударып, олардың қоғамдағы рөлін ұғындыру бағытында айтылды. Шара барысында тәртіп сақшылары оқушыларға жол белгілерінің ережесін түсіндірді. Жасөспірімдер полицейлерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды. Бұндай шаралардың оқушыларға берері мол. Тәртіп сақшылары әрқашан қоғамның белсендісі болып табылады. Кешегі батыр бабалардың, жаужүрек қазақтардың жалғасы – бүгінгі полицейлер. Халықтың алдында абыройлы қызмет атқаратын полиция қызметкерлеріне оқушылар ғана емес, мұғалімдер де дән риза.

ТО ПД баспасөз қызметі