Инсульттің ерте диагностикасын қамтамасыз ететін CEREBRA қазақстандық стартабына шетелдік стартаптарға қарағанда, өнімді шығару үшін орта есеппен 42 есе аз қаражат қажет болды. Kursiv.media мәліметінше, RapidAi (АҚШ), Cercare Medical (Дания), Brainomix (Ұлыбритания), Viz.ai (АҚШ), Avicenna AI (Франция), icometrix (Бельгия), NICO.LAB (Нидерланды) сияқты компаниялардың деректері сарапталды.
10 минут ішінде инсультті тануға қабілетті CEREBRA платформасына жасанды интеллектті енгізу үшін Cerebra 1,3 миллион доллар қаражат бөлді, ал шетелдік компаниялар бұндай жаңашылыққа орта есеппен шамамен 53,9 миллион доллар жұмсайды, бұл қазақстандық стартабының бюджетінен 42 есе көп. Сонымен қатар, Astana Hub қатысушысының технологиялық шешімі өз сегментіндегі шетелдік шешімдерден ешбір кем түспейді. Дереккөзге сәйкес өнімнің нақтылығы 99%-дан астам көрсеткішке ие.
«Бұл біздің мамандарымыздың әлемдік деңгейдегі мамандармен бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте көрсетті. «Біздің» деп мен тек CEREBRA қызметкерлерін ғана емес, жалпы дүние жүзінде жақсы нәтиже көрсетіп жүрген қазақстандықтарды айтып отырмын. Бұл тағы да адами капиталды дамытуға баса назар аудару керектігін көрсетеді. Оған қол жеткізсек, жақын арада Қазақстанда жалғыз мүйізді компаниялар пайда болатынына сенімдімін», — деді бас директор Досжан Жүсіпов.
Естеріңізге сала кетейік, биыл Cerebra EY 2021 жылдың кәсіпкері рейтингі бойынша үздік инновациялық жоба атағына ие болып, Medtronic нұсқасы бойынша әлемдегі үздік 10 MedTech жобаларының қатарына еніп, Өзбекстан нарығына шықты.
Astana Hub