Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков «Шауғар» секторында тұрғындармен кездесті. Бұл сектордың тұрғындары жыл басынан бері қала әкімінің атына 42 ұсыныс-тілегін жеткізген болатын. Қазіргі таңда, 42 мәселенің 35-і толық орындалса, 3-і іске асырылуда, ал 4 мәселе тиісті бөлімдермен заң аясында зерделенуде.
«Шауғар» тұрғын алабында 27,6 шқ құрайтын 27 көше жарықтандырылды, көше жарықшамдары кезең-кезеңімен электр көзіне қосылуда. Орташа жөндеу жұмыстары 3 шақырымды құрайтын 2 көшеде жоспарланып, құрылысы басталды.
Сонымен қатар жаяу жүргіншілерге арналған жол (тротуар) – 16 шқ құрайтын 15 көшеде құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Бүгінгі күнге 4,43 шқ құрайтын 5 көшеде құрылысы аяқталды, 10 көшеде құрылыс қызу жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, тас төсеу жұмыстары – ағымдағы жылы «Шауғар» тұрғын алқабына қарасты 9,2 шқ құрайтын 23 көшеге тас төселіп үлгерді.
«Шауғарда» 2021 жылдан ауыз су желілерін күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары басталған болатын. Оның аяқталу мерзімі 2022 жылдың желтоқсан айы деп жоспарланған. Жобадан тыс қалған көшелерді ауыз су желісімен қамтамасыз ету үшін мердігер мекеме анықталып жатыр.
Өткен кездесулерде бірқатар көшелерге кәріз жүйесін жүргізу мәселелері көтерілген болатын. Жалпы «Шауғар» мөлтек ауданың кәріз желісімен қамтамасыз ету 3 нысанға бөлінген. Қазіргі уақытта «Ортақ», «Шауғар» сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету 1-кезек құрылысы жүргізілу үстінде. Оның 1 нысаны қаржыландыруға ұсынылып, 1 нысан бойынша ЖСҚ-ы әзірленіп жатыр.
Айта кету керек, Түркістан қаласын сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында да жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтар болсақ,, ХҚТУ, «Яссы», «Шауғар» тұрғын алқабында 10-0,4 кВ жоғары кернеулі электр желісімен қамтамасыз ету жұмыс жобасы іске асырылуда. Нәтижесінде замануи кабелдік жүйе іске қосылады. Яғни, әр үйдің есептегіштері жаңартылады деп күтілуде.
Ntime.kz