Мобильді қосымшаның маңызы жоғары

Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының «Qoldau 24/7» атты мобильдік қосымша құрылған болатын. Бұл жүйе арқылы әр тұрғын сақтандыру бойынша толық ақпарат алуға, денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер мен ұсыныстар қалдыруға, медициналық мекеме немесе медицина қызметкерлері тарапынан болған кемшіліктер туралы арыз-шағым түсіруге болады.

         Егер емделушіде медициналық сақтандыру жүйесі бойынша оның құқықтарына қатысты мәселелер туындаса, бірінші кезекте ол медициналық ұйымдардың пациенттерді қолдау қызметіне жүгіне алады. Сұрақтарына жауап алмаған жағдайда, облыстық денсаулық сақтау басқармасының шұғыл желісіне 955-559 нөмірі бойынша хабарласа алады. Бұдан әрі медсақтандыру қорының бірыңғай байланыс орталығына немесе Qoldau 24/7 мобильдік қосымшасына жазылуға болады.

         Мысалы, өтінішті қалдыру үшін алдымен қосымшада тіркелу қажет. Шағымға фотосуретті қоса беруге болады. Тіркеуден кейін өтініштің қаралуы қай сатыда екенін қадағалау мүмкіндігі бар. Айта кету керек, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап аталған нөмірге 40 мыңнан астам қоңырау келіп түскен.

         Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының 1406 бірыңғай байланыс орталығы да бұрыңғыдай тәулік бойы жұмыс істейді.             Айта кету керек, 2022-2024 жылдарға арналған тұрғындардың денсаулығы жағдайын жақсарту жөніндегі Меморандумға сәйкес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі сақтандырылған азаматтардың үлесін 2022 жылға 84% жеткізу жоспарлған. Жыл басынан бері сақтандырылғандардың үлесі – 1 640 334 адамды құрады. МӘМС шеңберінде облыстың 300 мыңнан астам тұрғыны медициналық қызметтерді алудан қағылып отыр. Жалпы, облыс бойынша МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған жалдамалы жұмысшылардың үлесі – 6%, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтіндер – 11% және жеке кәсіпкерлер – 1,8%-ды құрайды. Атап өтетін жайт, жұмыс беруші мекеме — қызметкерлер үшін жауапты болып табылады. Соның ішінде МӘМС жарналары мен аударымдарын уақтылы төлеуі тиіс. Сақтандырылмағандардың арасында – мұғалімдер, тәрбиешілер, жеке сот орындаушылар, жеке кәсіпкерлер және олардың қызметкерлері кездеседі. Сондықтан әр адам өзінің сақтандыру мәртебесін тексеріп, төлемдердің болуын нақтылауы тиіс.

Ntime.kz