Ақ алтынды өлке тұрғындары өңір басшысымен кездесті

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Мақтарал ауданына іс — сапармен барып, тұрғындармен кездесті. Ашық әрі еркін форматта өткен жүздесуде мырзашөлдіктер көкейде жүрген сауалдарын қойып, өзекті мәселелерді қозғады. Облыс әкімі Мақтаарал ауданын дамыту назарда тұрғанын айта келе атқарылған жұмыстарды баяндады.

         Елдің өзекті мәселелерін талқылау, шешу жолын жоспарлау. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Мақтарал ауданына келудегі басты мақсатын осылай түсіндірді. Өңір басшысының айтуынша, Мақтаарал ауданының мәселелері оған таныс. Су тасқыны болған кезде ауданға 5 айда 35 рет келген. Бүгінде аудан қайта құрылып жатқандай. Өргебас, Фирдауси ауылдары жаңарып, Мырзакентте жаңа шағынаудан пайда болды. Бақшаның да маусымы аяқталып жатыр. Ауданда газдандыру жұмыстары жалғасып жатыр. 5 жыл бұрын кей аудан, қалаларда көгілдір отын жоқ еді. Қазір облыстың 60 пайызы газдандырылды. Түркістан қаласында газбен қамту еселеп артып, толық қамтылған. Кездесуде мақтааралдық көпбалалы ана АӘК алатын отбасылардың балаларына мектеп формасын алу мәселесін көтерді. Өңір басшысы бұл мәселе шұғыл зерделеніп, облыстық бюджеттен 1,9 млрд. теңге қаралып, 52 мыңнан астам оқушыға мектеп формасы әперіліп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ Қоңырат көшесін жөндеу, көпір салу, өндірістік-техникалық комбинатқа қолдау көрсету мәселелері де шешілетін болды. Облыс әкімінің жеке қабылдауында да бірнеше тұрғынның өтініші тыңдалып, тиісті басшыларға тапсырмалар берілді. Жүздесу барысында мақтааралдықтар Мырзакентте жаңа шағынауданның бой көтеруіне қайрат көрсете білген, ауданның дамуына атсалысып жүрген аймақ басшысына алғыстарын білдірді.

         Айта кетейік, биыл Мақтаарал ауданында жалпы құны 5,1 млрд. теңге құрайтын 6 мектептің құрылысы жүргізілуде. Нысандар 2023 жылға өтпелі. Сонымен қатар Мырзакент кентінде аудандық әкімшілік ғимараты салынып жатыр. Ауданның инженерлік инфрақұрылым жүйесін дамыту мақсатында республикалық бюджеттен 402,2 млн. теңге қаржы қаралып, Ж.Нұрлыбаев және Жамбыл ауылдық округі елді мекендерінің жаңадан түскен көшелеріне электр желілерін жүргізу және КТП орнату жұмыстары басталған. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 9 елді мекенде 28 жоба іске асырылып жатыр. Жұмыс сапары барысында Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов өңір басшысын ауданның өзекті мәселелерімен таныстырды. Олардың шешу жолдарын талқылап, жаңадан қолға алынатын жобаларды да таныстырды.

Ntime.kz