Басқарма басшысы мектепке дайындық жұмыстарымен бөлісті

АӘК алатын отбасылардың балалары мектеп формасымен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы бүгін өткен брифингте Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы айтты, деп хабарлайды Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

     – Облыста мемлекеттік АӘК алушы отбасылардың 6-18 жас аралығындағы балаларының саны 52660-ты құрайды. Өткен жылы ҚР Үкіметінің №64 қаулысына сәйкес, аталған санаттағы балаларға жергілікті бюджеттен білім қоры есебінен және республикалық бюджеттен кепілдендірілген әлеуметтік пакет арқылы қаржы қаралған. Ал биыл облыс басшысының тапсырмасына сәйкес, облыстық бюджеттен осы санаттағы 52 660 балаға материалдық қолдауға қаражат бөлінетін болды. Әр балаға мектеп формасына 35 275 теңге белгіленді, – деді басқарма басшысы.

     Сонымен қатар баланы мектеп формасымен және мектеп құралдарымен қамтамасыз ету үшін 1,9 млрд. теңге қажеттілігі туындап отыр. Осы ретте аталған мәселені шешу үшін облыстық бюджеттен тиісті қаржы қарастырылуда.

    Сондай-ақ ата-аналар тарапынан түскен шағым бойынша басқарма басшысы әр мектептің өзінің жеке формасы болмайтынын, министрлік тарапынан оқушы қара-көк түсті шалбар, костюм мен ақ көйлек кисе жеткілікті екенін жеткізді.

     Бұдан бөлек, 1 тамыз-30 қыркүйек аралығында  «Мектепке жол» республикалық акциясы өтіп жатыр. Акция шеңберінде  халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларды мектепке қажетті материалдық көмекпен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

   Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясына демеушілік көмек көрсетуді қалайтын кез келген адам Басқарманың +7(707)-684-71-00 байланыс телефонына хабарласа алады.

Ntime.kz