«Әділдік жоқ жерде пара белең алады» деген нақыл сөз қай салада болмасын еңбек етіп жүрген қызметкерлердің де бағдары іспеттес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің өкілі «Оңтүстік» индустриалды аймағындағы кәсіпорындардың ұжымдарымен кездесті. Атап айтқанда, жиын «АртҚұрылыс» ЖШС, «Shymkent Temir» ЖШС және «Бумпром» ЖШС, «Казатомпром-SauRan» ЖШС қызметкерлерімен өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты — өңірдегі бизнес-қоғамдастығына сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын түсіндіру, сонымен қатар қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру болып табылады.
Департамент өкілі Жазира Әлжанова 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының негізгі ережелері мен талаптары, квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі комплаенс қызметінің маңыздылығы, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу қағидалары туралы баяндады.
Спикердің айтуынша, әрбір аймақ үшін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын әзірленген. Онда процестердің ашық болмауына, әкімшілік кедергілерге және жергілікті жерлердегі мемлекеттік қызметшілердің өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамауына байланысты халық пен бизнесті толғандыратын көкейкесті мәселелер енгізілді.
Аталған картаға қаладағы білім, денсаулық сақтау, жер қатынастары, әлеуметтік қамтамасыз ету, құрылыс, тұрғын үй және тағы да басқа салалар енгізілгендігін айтып, басты критерий — нәтижелер өңірдің азаматтары мен кәсіпкерлері үшін маңызды және пайдалы болуы тиіс екендігін жеткізді.
Сондай-ақ, Департаментпен 2022 жылдың есептік кезеңінде тіркелген сыбайлас жемқорлық фактілерінің статистикасын атап өтті.
Іс-шара соңында қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда әрбір азаматтың белсенділігі қажеттігін айтты.
Ntime.kz