Тауардың сапасына көңіліңіз толмаса ақшаңызды қайтарып алуыңызға мүмкіндік бар. Болмаса сол тауардың құнына өзгесін ауыстырып аласыз. Елімізде тұтынушының құқығы заңмен қорғалады. Дегенмен, тұтынушылардың кейбірі өз құқығын толық білмейді. Әйтседе, өз құқығын талап еткен тұтынушының құқығын таптайтын кәсіпкерлерде кездеседі. Аталмыш мәселеге қатысты мемлекет басшысының тапсырмасы қалай жүзеге асырылуда? Бұл жайында қаламыздың тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Салхожаев мәлімдеді.
Нарықта тауар түрі көп. Оларды таңдау кезінде сапасы мен сақталу мерзіміне назар аудару қалыпты жайт. Алайда осындай жағдайларға мән бермей тауарды сатып алған соң ғана сан соғып, өкінетініміз жасырын емес. Осы орайда тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласының жекелеген секторларындағы проблемалар жүйелі сипатқа ие екендігін түсінуіміз қажет. Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне 2021 жылы 491. Ал 2022 жылы 1205 өтініш түскен. Бұл ретте өткен жылмен салыстырмалы түрде қарасақ тұрғындар шағымы 2.5%-ға өскені байқалады.
Аталмыш сала бойынша қызмет сапасын арттыру мақсатында мемлекет басшысы тапсырма берген болатын. Ол бойынша Қазақстан Республикасы сауда және интеграция министрлігінің тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті заң жобасын әзірледі. Бұл қазіргі таңда ақпарат алаңында белсенді талқыланып, мемлекеттік органдармен бірлесіп, пысықталуда.
Еске сала кетейік, тауарды дәл сол жерден сатып алғаныңызды дәлелдеу үшін қолыңызда құжаттар (фискалды чек немесе тауар чегі, түбіртек) болуы тиіс. Сол кезде ғана тауардың ақшасын қайтарасыз немесе басқасына ауыстырып алуыңызға мүмкіндік бар. Егер тауар (азық-түлік емес) пайдаланылмаса, оның тауарлық түрі, пломбасы, заттаңбасы және тауарды сатып алғаныңызды растайтын құжаты, яғни чегіңіз болса, затты алған күннен бастап 14 күннің ішінде сатушы сіз алған тауарды айырбастауға немесе ақшаңызды қайтаруға міндетті. Бұл туралы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 14 бабы 1 тармағында және 30 бабының 1 тармағында жазылған.
Ntime.kz