ҚР президенттігіне Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан үміткер Нұрлан Әуесбаев Шымкентке сапары барысында Аймақтық сайлауалды штабқа соғып, партия активімен кездесті, сонымен бірге азаматтарды қабылдады.
Іс-шара барысында Нұрлан Әуесбаев ЖСДП белсенділерін өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі тармақтарымен таныстырды. Құжатта баса назар саяси реформаларға аударылғанын атап өтті. Үміткердің пікірінше, «Алдымен экономика, кейін саясат» стратегиясы тиімсіз болып шықты. Партиялық-саяси өрісті толыққанды реформалау қажет.
Кезек күттірмейтін тағы бір өзекті мәселе – экономикаға тұсау болып отырған жемқорлық. Бұл жағымсыз құбылысты жою үшін ЖСДП-дан үміткер парақорларға қатысты жазаны барынша қатайтуды ұсынады. Әуесбаевтың пікірінше, сыбайлас жемқорлық қылмыс үшін сотталғандарды мерзімінен бұрын босату құқығынан айыру қажет.
Бюджет қаражатының бөлінуіне қатысты халықтық бақылау орнатылған кезде ғана сыбайлас жемқорлықпен күресуге болады. Нұрлан Әуесбаевтың пайымдауынша, ол үшін елге олигархтардың емес, халықтың түрлі топтарының қызығушылықтарын қорғайтын күшті бір палаталы парламент қажет.