Жалпыхалықтық социал-демократиялық партия атынан ҚР президенттігіне үміткер Нұрлан Әуесбаев Орталық сайлау комиссиясынан келесі аптада халықтық коалиция өкілімен республикалық деңгейде дебат өткізуді талап етті. Бұл туралы кандидат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Жақында Нұрлан Әуесбаевты «Ауыл» партиясынан президенттікке үміткер ашық дебатқа шақырған болатын.
Осыған жауап ретінде бейнеүндеу жариялаған оппозиция кандидаты Орталық сайлау комиссиясынан келесі аптада халықтық коалиция өкілімен республикалық деңгейде дебат өткізуді талап етті.
Айта кетейік, сайлау алдындағы үгіт-насихат 2022 жылғы 21 қазанда басталды және сайлаудан бір күн бұрын, яғни 19 қарашада аяқталады.
19 қараша – республика бойынша тыныштық күні. Ал, 20 қарашада президент сайлауы өтеді.