Нашақорлық — бұл маңызды психикалық және физикалық бұзылу, ол адамның психотроптық заттарға тәуелділігі мен теріс пайдалануынан тұрады. Бүгінгі күні нашақорлық — бір адамның ғана басындағы емес, бүкіл қоғамның қасіреті болып отыр.
Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында, Түркістан қаласында «Ән-күй» ғимаратында Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Кел талқыLike» атты семинар-тренинг өтті. Іс-шараға Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі А.Әмірбеков, Түркістан облысы әкімі аппаратының мемлекеттік құқық бөлімінің, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының, Түркістан қаласы Адами әлеуетті дамыту бөлімінің, әлеуметтік даму бөлімінің өкілдері, нарколог-дәрігерлері мен психологиялық диспансердің психолог-мамандары қатысты.
Сондай-ақ, 400-ге жуық мектеп оқушылары мен колледж студенттері, мұғалімдер, мектеп президенттері және белсенді жастар қатысты. Семинар-тренинг барысында полиция полковнигі А.Әмірбеков қоғамда кең таралған «синтетикалық есірткілерді» сақтау, өткізу үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертіп, заң бойынша толық түсіндіріп өтті. Кездесуде жастар арасындағы нашақорлықтың әлеуметтік алдын алудың өзекті теориялық және қолданбалы мәселелері айтылды. Қазақстан жастарының өмір сүру салты, еліміздегі нашақорлық деңгейі, статистикалық көрсеткіштері талқыланды. Сонымен қатар бұл жұмыста нашақорлық және жасөспірімдер қылмысы проблемасы, кәмелетке толмағандардың есірткіге құмарлығын қалыптастыруға ықпал ететін факторлар жайлы айтылды. Сөз соңында сала маманы жастарды жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытын тиімді істермен айналысу керек екенін айтты.
Ал нарколог пен психологтар есірткінің адам ағзасына зияны туралы дәрістер оқып, жасөспірімдерді салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Сонымен қатар мектеп президенттері мен студент жастар іс-шараны ұйымдастырушыларға өдерінің тараптарынан есірткі қылмысы мен нашақорлық тақырыбында түрлі сұрақ қойып, мамандардан толық жауап алды. Сондай-ақ іс-шара кезінде қатысушыларға есірткіні қолданудың зияны туралы бейнематериалдар көрсетілді.