Түркістан облысының полицейлері жергілікті тұрғындарға салынған әкімшілік айыппұлдарды өндіру жұмыстарын жандандыруда. Жеке сот орындаушылармен бірлесіп, мәжбүрлі түрде өндіру шаралары атқарылуда.
Осы бағытта ағымдағы жылы наурыз айының 27-31 күндері аралығында «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп, оның 2 тәулігінде 1800-ден астам әкімшілік хаттама толтырылды. Оның 60,6 пайызы мемлекет пайдасына өндірілді.
Ал арнайы мамандардан құрылған 37 мобильді топпен айыппұлдары төленбеген 74 автокөлік, жеке сот орындаушылар қаулысы негізінде айыптұраққа жеткізілді. Соның ішінде 10 автокөлік «Автоураган» жылжымалы кешенімен анықталды.
Оған қоса барлық өндірілмеген айыппұлдардың тізімі учаскелік полиция инспекторларына таратылып, 1500-ден астам жүргізушіге «ескертпе» парақтары берілді. Полиция департаменті тарапынан барлық мүмкіндіктер, яғни «Кибер-шериф», «Кардон-про», «Крис-П», «Арена» мобильді кешендері пайдаланылып, бақылауға алынды.
Мәжбүрлеп өндіру үшін құқық бұзушылардың жұмыс орындарына 100-ге тарта ұйғарым, ал жеке сот орындаушыларға 650-ге жуық қаулы жолданды.
Мысалы «Қорғау» бағдарламасы арқылы төленбеген айыппұлы бар «DAEWOO NEXIA» маркалы көлігі анықталды. Тексеру кезінде бұл көліктің 700 000 теңгеге жуық берешегі бары расталды. Көлік айыптұраққа қойылып, жүргізушіге түсіндірме жұмыстары жүргізілді.