«Өнерлі өлке» көшін төлеби ауданының өнерпаздары жалғады

Бүгін Түркістанда облыстың 5 жылдығына орай өтіп жатқан «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Төлеби ауданының мәдениет күндері басталды. Аталмыш шараны Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев ашып беріп, ауданның жетістіктері мен бүгінгі өнер сайысының маңызына тоқталды. Сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтарын үш күн қатарынан өтетін мәдени-рухани шараларды бірге тамашалауға шақырды.

Этноауылда «Ұлт қазынасы» атауымен асық ату, ләңгі ойнау, арқан тарту, кір тасын көтеру, т.б. ұлттық, спорттық ойындардан жарыс ұйымдастырылды. Содан соң ақындар айтысы, дәстүрлі әншілердің ән шеруі өтті. «Алтыбақан» ойын-сауық отауы аясында «Сақина салу», «Соқыр теке» ойыны ойнатылды. «Ұлттық дәстүр – тәрбие көзі» тақырыбы аясында «Беташар» дәстүрі көрсетілді. «Қасиетті де, киелі қолөнерім» шарасында ақ әжелердің жүн түту, сабау, ұршық иіру, құрақ құрау сынды қолөнерге қатысты көрініс көпшілік назарына ұсынылды.

Төлеби ауданының мәдениет күндері үш күнге жалғасады. Атап айтсақ, 15 сәуір күні Этноауылда сағат 10:00-19:00 аралығында «Киелі жерім, атамекен – Жерұйығым» қылқалам, қолөнер шеберлерінің көрмесі өтсе, сағат 11.00-де «Кітап Travel – 2023» акциясы аясында «Шежірелі өлкеден рухани Темірқазыққа» іс-шарасы ұйымдастырылады. Ал 16 сәуір күні 18:00-де Төлеби ауданы өнерпаздарының қатысуымен өтетін гала-концерт ауданның Түркістандағы мәдениет күндерін қортындылайтын болады. Әрі қарай 4 ай бойы аудан-қалалар осылайша апта сайын өнерлерін көрсетеді деп жоспарлануда. Келесі кезекте Ордабасы ауданының өнерпаздары жалғастырады.

🔗 Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі