Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов бүгін Shymkenт City шағын ауданында болып, мұнда жаңадан салынатын саябақ құрылысының жобасымен танысты. Жалпы жаңа қалашықтың аумағы 20,4 гектар жерді алып жатыр. Бүгінде шағын ауданды инфрақұрылыммен қамту жұмыстары толық жүргізілуде.
Бұған дейін «Shymkenт City» аумағының даму жоспарына 15 инвестор тартылып, тұрғын үй құрылыстары қарқын алды. Сондай-ақ, заманауи ғимараттар, бизнес кеңселер, әкімшілік-іскерлік орталықтар салуға сырттан да инвестициялық жобалар тартылған.
Сонымен қатар мұнда жеке инвесторлардың қаржыландыруымен жаңадан 300-ге жуық көп қабатты тұрғын үй, әрқайсысы 1200 орындық 3 мектеп, балабақшалар, емхана, саябақ және конгресс-холл құрылыстары жүргізілуде.
Саябақ құрылысына келсек, нысанда көгалдандыру алаңы 164 000 шаршы метрді құрайды. Мұнда 53 балалар ойын алаңшасы, 19 спорттық алаң орналасатын болады.
Сондай-ақ, 2,8 шақырымдық веложол, жасанды көл салынып, 5 мыңнан аса ағаш көшеті, 7 мыңнан аса гүл, 6 мың бұта егу жоспарланған. Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы қала келбеті тағы бір саябақпен көмкеріле түсетінін, қаланы жасыл желекке бөлеу арқылы шаһар тынысы ашыла түсетінін айтып өтті.
Нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі