14 тамыздан бастап Денсаулық сақтау министрлігі Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығымен және Тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператормен бірлесіп, Қазақстанның облыстық медициналық мекемелеріне арналған таңбаланған дәрілік заттармен жұмыс істеу бойынша түсіндіру семинарларын өткізуде. Таңбалау контрафактілік өнімдердің көлемін азайтып, дәрілік заттарды заңсыз сатуды жояды.
Республикамыздың облыстарында түсіндіру семинарлары Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен кестеге сәйкес өткізілуде. Семинарлардың алғашқы қатысушылары болып Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазастан, Маңғыстау облыстарының медициналық мекемелерінің өкілдері қатысты.
Кездесулерге денсаулық сақтау жергілікті атқарушы органдардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың 480-нен астам өкілі қатысты. Семинарлар барысында Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының өкілдері ауруханалық ұйымдардың таңбаланған дәрілік заттармен жұмысының әзірленген схемаларымен таныстырады. Тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператордың өкілдері таңбаланған дәрілік заттармен жұмыс істеуге қажетті құрал-жабдықтар туралы ақпарат бере отырып, дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесінің ерекшеліктерін түсіндіреді.
Бақылау функциясынан тыс, таңбалау жүйесі қазақстандықтарға дәрілік заттың жарамдылық мерзімін және сатып алынған дәрілік заттың Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген шекті бекітілген бағаға сәйкестігін білуге мүмкіндік береді.
10 шілдеде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен Дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалауды жүзеге асыру мәселелері жөніндегі кеңесте 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап барлық дәрілік заттарға цифрлық таңбалауды енгізу туралы шешім қабылданды.
Еске сала кетейік, 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда дәрілік заттардың 90-ына цифрлық таңбалаудың бірінші кезеңі енгізілген болатын. 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап дәрілік заттарды таңбалауды 100% енгізу жоспарлануда. Сарапшылардың пікірінше, таңбалау және қадағалау сонымен қатар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағдайын жақсартуы керек, осылайша пандемия кезінде байқалғандай олардың ықтимал тапшылығын болдырмайды.
Цифрлық таңбалаудың мақсаты – цифрлық бақылау технологиялардың көмегімен көлеңкелі фармацевтикалық нарықты жою. Бұл бүкіл әлемде сауданың ашықтығын қамтамасыз ету үшін қолданылатын Track&Trace жүйелерінің бір түрі. Бұл жүйе Ресейде, АҚШ-та, Үндістанда, Түркияда, Оңтүстік Кореяда, Қытайда, Италия мен Аргентинада сәтті енгізілді.