Қазіргі таңда инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі. Өнеркәсіп өнімінің артуына арнайы экономикалық және индустриалды аймақтардың ықпалы зор.
Шымкентте жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өндірістік алаң жұмыс істейді.
Соның бірі инженерлік инфрақұрылым желілерінің құрылысы аяқталуға таяп қалған «Жұлдыз» индустриялық аймағында машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 200 млрд. теңгеге 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске аспақ. Бұл 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Аталған аймақта инвестициялық құны 147 млрд. теңге құрайтын, 42 жобаны іске асыру жұмыстары басталып кеткен. Оның ішінде 2023 жылы инвестициялық құны 7 млрд. теңге құрайтын, 400-ден аса жаңа жұмыс орындарымен 5 жобаны іске қосу көзделуде.
Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков керамогранит зауытын салып жатқан шетелдік инвесторлармен кездесті. Инвестициялық жоба Орта Азия елдерін сапалы құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге бағытталған. «Жұлдыз» индустриалды аймағындағы 32 гектар аумақта салынып жатқан кәсіпорын ғимаратының құрылысы 30 % аяқталған. Қазірде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп отыр.
«Wan Sheng Ceramic» ЖШС компаниясының құрылтайшылары қала басшысына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу, электр және сумен жабдықтауға қатысты өзекті мәселелерді жеткізді.
«Үкімет тарапынан инвесторларға қолайлы жағдай жасау бойынша нақты тапсырмалар жүктелген. Сондықтан да сіздерге жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Туындаған проблемаларды заң шеңберінде шұғыл шешуді тапсырамын. Зауыт іске қосылғанда барынша жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтылуы тиіс» – деді қала әкімі.
Жобаға сәйкес зауыт қуаттылығына сай бірінші және екінші сатысында жылына 12 770 мың шаршы метр керамогранит өндіреді. Аталған екі кезеңінде 700 адамды жұмыспен қамтиды. Жобаның алғашқы кезеңі келесі жылы, екіншісі 2025 жылы жүзеге асырылады.