Ханчжоуда (Қытай) өтіп жатқан Жазғы Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері туған жерге оралды. 10 метр қашықтықтан жылжымалы нысанаға оқ ату сайысының жеңімпазы Зухра Ирназарова, ұлттық құрама сапында күміс жүлдегер Фатима Ирназарова, стенд атудан скит бағдарламасы бойынша жеңімпаз Зоя Кравченко, нысана көздеуден қола жүлдегер Никита Чирюкин және таэквондодан қола жүлдегер Смайыл Дүйсебайды Шымкент әуежайынан жерлестері қошеметпен күтіп алды. Іс-шараға жеңімпаз спортшылардың ата-анасы, спорт мектебі басшылары, жанкүйерлер көптеп жиналды.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтап, алдағы жауапты бәсекелерде сәттілік тіледі.
— Жазғы Азия ойындарында шымкенттік спортшылар елімізге жарқын жеңіс сыйлады. Біз оларға қолдау көрсетіп, жанкүйер болдық. Жерлестеріміз сенімді ақтады. Алда Париж Олимпиадасы келе жатыр. Ол сында да жоғары жетістіктер күтеміз. Азия ойындарында бақ сынайтын тағы да спортшылар бар. Оларға сәттілік тілейміз, – деді Қуаныш Жұмабекұлы.
Стенд атудан скит бағдарламасы бойынша сынға түскен әйелдер құрамасы сапында Шымкент қаласының спортшылары — Зоя Кравченко, Ольга Панарина финалда Азия ойындарының рекордын жаңартып, чемпион атанған еді.
10 метр қашықтықтан жылжымалы нысанаға оқ ату сайысында 18 жастағы Зухра Ирназарова топ жарды. 10 метр қашықтықтан жылжымалы нысанаға оқ ату сайысында Қазақстан әйелдер құрамасы сапында Зухра Ирназарова, Фатима Ирназарова 2 орынға ие болды.
Нысана көздеуден Никита Чирюкин үшінші орыннан көрінсе, таэквондодан 80+ келіде Смайыл Дүйсебай қола жүлде жеңіп алды.
Жазғы Азия ойындарында бақ сынаған спортшыларымыздың алғашқы тобы елге оралды. Енді жерлестеріміз каратэ, күрес түрлері, көркем гимнастикадан жарыс жолына шығады.