Қытайлық аяқ киім өндірушілері Қазақстанға импорттайтын аяқ киімдерді тегін таңбалауға дайын

Бірыңғай оператор аяқ киім өндірушілермен және ірі логистикалық компаниялармен тауарды таңбалау мәселелері бойынша келіссөздер өткізді. Кездесу барысында Beijing Vitcony компаниясының басшылығы тегін таңбалау қызмет көрсетуге дайын екенін білдірді.

«Сіздің кәсіпкерлеріңіз барлық деректерді енгізуіміз үшін жапсырмада болуы керек ақпаратты PDF форматында жіберуі керек. Осыдан кейін біз бүкіл процедураны орындаймыз. Клиент тек жеткізу қызметтерін үшін төлеуі керек. Бұл түпкілікті бағаға ешқандай әсер етпейді. Біз серіктестеріміздің бізден тек жоғары сапалы қызмет алуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», — деді Фаина Таньядаша, Beijing Vitcony бас директоры.

Сараптама нәтижесінде қытайлық өндірушілер – аяқ киім тігу бойынша ірі фабрикалар Ресей Федерациясының аумағына экспортталатын тауарлар бойынша таңбалау қызметін қазірдің өзінде жүзеге асырып жатқаны анықталды. Тиісінше, барлық бизнес-процестер тестітлеуден өтіп, жүзеге асырылып, бірнеше рет сынақтан өткен және Қазақстан Республикасының аумағына аяқ киім өнімдерін импорттау барысында қолданылуға дайын.

Сонымен қатар, экспортқа шығатын жүктерді «жинау және топтау пункттері» болып табылатын ірі трансшекаралық тораптар ресейлік және қазақстандық импорттаушыларға аяқ киім өнімдерін таңбалау қызметін көрсетуде. Бұл процедураның құны бір жұп аяқ киім үшін 0,2-ден 0,5 юаньға (13-33 теңге) дейін жетеді, кейде аталмыш рәсім жүк көлеміне және тауар иесімен жасалған келісімдерге байланысты қосымша төлемсіз жалпы кешенде беріледі.

«Baby sky» брендінің өкілдері де тегін ынтымақтастыққа дайын екендіктерін жеткізді. Тауарлардың үлкен көлемін экспорттау жағдайында олар арнайы кодты жабыстыруға жұмсалатын барлық шығындарын көтеруге дайын. Айта кетерлігі, қытайлық өндірушілер қазақстандық аяқ киім нарығының жалпы көлемінің 70 пайызын қамтиды.

Анықтама: міндетті таңбалау енгізілгеннен бері Қазақстанға аяқ киімнің ресми импорты 2019 жылғы 39,5 миллион жұптан 2021 жылы 53,1 миллион жұпқа дейін 34 пайызға және 2022 жылдың 7 айында 26,1 миллионнан 2023 жылы 35,6 млн. жұпқа дейін 36 пайызға өсті.