Еурохаттама дегеніміз ешкім зардап шекпеген жол апатын рәсімдеу, оқиға кезінде екі жүргізуші кінәліні өзара анықтап, мәселені полиция шақырмай шешеді. Қазір мұндай жағдайда жүргізушілер өзара келісіп, шығынды кінәлі тарап өз қалтасынан төлеп жүр. Енді мұндай сәтте де сақтандыру компаниясынан өтемақы алуға болады.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап сақтандырушы компанияның ақпараттық жүйесіне мобильді қосымша арқылы жол апаты жайлы мәлімет жіберуге болады. Тіркелу үшін полицияға қоңырау шалудың қажеті жоқ, демек медициналық анықтама алудың немесе сот процесіне қатысудың қажеті болмайды. Соның арқасында уақыт та үнемделеді.
Қалай жұмыс істейді?
Алдымен қосымшаға тіркелу қажет.
Еуропротокол рәсімдеу үшін қосымшаны жүктеп алып, биометриялық сәйкестендіруден өту арқылы тіркелесіз. Содан кейін автокөлік иесіне бірегей электрондық кілт беріледі.
Қосымшаны кез келген смартфонға жазып алуға болады. Еуропротокол бойынша берілетін өтемақы мөлшері шектеулі болады. Жеңілдікпен есеп айырысу тәртібі бойынша сақтандыру сомасы ең көп болғанда 100 АЕК-тен (2023 жылы 345 000 теңге) аспайды.
Жол апатын еуропротокол бойынша қалай рәсімдейді?
Мына шарттар сақталған жағдайда жол апатын жеңіл жолмен рәсімдеуге болады:
• жол апатына екі көлік қана қатысса;
• ешкім зардап шекпесе;
• екі жүргізуші де оқиғаның мән-жайына келіссе;
• екі жүргізушінің де жарамды сақтандыру полисі болса;
• автомобиль ғана зақымдалса;
• машинаға келген зиян, көзге көрінетін зақым, апатқа қатысушылардың бірінің кінәсі екі жүргізуші тарапынан дау тудырмаса және декларацияға тіркелсе;
• екі қатысушы да сақтандыру төлемінің мөлшеріне келіссе — 100 АЕК.
Еуропротокол бойынша рәсімдеген кезде әр жүргізуші декларация толтырып, электронды кілтпен қол қоюы қажет. Апатқа түскен адамның бірінде қосымша болмаса, сақтандыру компаниясына хабарласады, олар мұндайда не істеу керегін айтады. Бірақ бұл біршама уақыт алады.
Декларацияда апатқа ұшыраған көліктердің маркасын, моделін, мемлекеттік нөмірін анықтауға мүмкіндік беретін фото және видео, оқиғаның фото және/немесе бейнежазбасын, сондай-ақ залал мөлшерін қоса көрсету керек. Деректерді онлайн тексереді. Жүргізушіге декларация сәтті тіркелгені туралы SMS келеді. Оған дейін оқиға орнынан кетуге болмайды.
Қандай қиындықтар болады?
Тексеру барысында сақтандырушылар жол апатына түскен жүргізушілер тіркеген құжат пен мәлімет арасындағы қателікті анықтаса немесе декларациядағы дерек оқиғаның мән-жайы мен автомобильге келген залалды анықтауға мүмкіндік бермесе мәселе туындайды. Декларацияны алған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде олар қажетті фотосуретті қайта сұратуы немесе машинаны және апат болған жерді тексеру үшін сақтандыру комиссарын жіберуі мүмкін.
Барлық шарт орындалса, сақтандырушылар декларацияны қабылдаудан бас тарта алмайды.
Бір апатты екі рет рәсімдеуге бола ма?
Жоқ. Тексеру кезінде жүйе оқыс оқиғаның «көшірмесін» анықтап, оны дереу жояды.
Қолданба дұрыс жұмыс істемесе ше?
Мекеме мамандары электроника немесе деректер базасы дұрыс жұмыс істемей қалуы мүмкін екенін айтты. Сол үшін сақтандыру оқиғасының бірегей нөмірін беру қызметінен ақау шықса және (немесе) 10 минут ішінде декларация қабылданғаны туралы хабарлама келмесе, жүргізушілер барлық құжатты қайта жіберуге тиіс.
Жүргізуші өтемақы мөлшеріне келіспесе немесе апат еуропротоколға сай келмесе не істеу керек?
Полицияға қоңырау шалып, сақтандыру компаниясына жол апаты жайлы хабарлайды, сөйтіп оқиғаны дәстүрлі жолмен рәсімдейді.