Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н.Асылбеков айтты. Басқарма басшысының айтуынша 2023 жылы Балаларға медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту мақсатында қалалық клиникалық балалар ауруханасында 180 төсектік жаңа корпус ашылды. Төсек орын саны 315-тен 495-ке дейін ұлғайтылған. Жаңадан ашылған төсек орындар бейіні: пульмонология, неврология, кардиоревматология, педиатрия және балалар стоматология бөлімшелерінде ашылған.
Сондай-ақ 2023 жылғы сәуір айында Шымкент қаласында алғаш рет қалалық балалар клиникалық ауруханасында эпилепсия ауруына шалдыққан балаларға нейростимулятор отасы жасалса, 2024 жылы 15 балаға ота жасау жоспарға қойылды.
Өткен жылы қалалық Онкологиялық орталығы реконструкциялаудан өтіп, «Онкологиялық орталығы бар көп бейінді аурухана» болып атауы өзгерді. Ал, №1, 3, 6, 7 қалалық емханаларда Үздік практика орталықтары ашылса, №1 Қалалық клиникалық ауруханада Қан-Тамыр және Интервенттік рентгенхирургия бөлімшесі, стоматология кабинеті ашылса, қала бойынша науқастарға сапалы эндокринологиялық көмектің көлемін ұлғайту мақсатында, Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығындағы эндокринологиялық орталықта төсек орын саны 40-қа дейін көбейтілді.
Айта кету керек, 2023 жылдың шілде айында алғаш рет Шымкент қаласында жүрек трансплантациясы жасалды. UMC МҚ басқарма төрағасы Юрий Пя, Ұлттық ғылыми кардиохирургия және Шымкент жүрек орталығы қызметкерлерінің қатысуымен өткен жүрек алмастыру отасы 61 жастағы қала тұрғынына сәтті жасалды.
Сонымен қатар, 48 шымкенттік медицина мамандары шетел клиникаларында Израиль, Түркия елдерінде және ҚР аумағында 2 978 медициналық қызметкер біліктілігін арттырып келді.