Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасында жуырда мемлекет басшысы қол қойған «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Заңына енген өзгерістермен толықтырулар талқыланды.
Басқарма басшысы Жанат Өтебаеваның жетекшілігімен өткен жиында Адам құқықтары жөнінде уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі Нұржан Әбдезов, «Қазақстан әйелдерінің республикалық кеңесі» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша филиалының төрайымы Баян Жандосова, балалар құқықтары жөніндегі Шымкент қаласы бойынша өңірлік уәкілі Жаннетта Жазықбаева, қаладағы 5 аудан әкімінің орынбасарлары, әлеуметтік салада қызмет көрсетіп келе жатқан қоғамдық бірлестік жетекшілері, қаладағы аналар мен әкелер кеңесінің жетекшілері және басқармаға бағынысты орталықтың басшылары қатысты.
–Президент 2022 жылғы 16 наурыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын. Енгізілген түзетулер қоғамда қызу талқыланды. Парламент палаталарының отырыстарына Ұлттық құрылтай мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілдері және балалар құқықтары жөніндегі уәкіл қатысты. Әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді, — деді Жанат Өмірсейітқызы өз баяндамасында.
Адам құқықтары бойынша уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі Н.Әбдезовтың айтуынша, Мемлекет басшысы 2024 жылдың 15 сәуірінде екі заңға қол қойды. Оның біріншісі – ҚР кейбір заңнамалық актілерге әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, екіншісі – ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінде әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
–Негізі Заң Қазақстан Республикасының 15 заңнамалық актісіне, оның ішінде 7 кодекс пен 8 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Онда Әйелдер мен балалардың құқығын қорғау мақсатында ақпараттық-анықтамалық, және психологиялық көмек көрсету жөніндегі «111» байланыс орталығын құру, әр ауданда отбасын қолдау орталықтарын ашу, өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларды ерте анықтау бойынша мобильді топтардың жұмысын ұйымдастыру туралы нормалар бекітілді, — деді Н.Әбдезов.
Шымкент қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылық пен адам саудасының құрбандарына қызмет көрсететін «№3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» бар. Орталық 70 орынмен қамтылып, оның ішінде 50 орын – тұрмыстық зорлық-зомбылық, 20 орын – адам саудасының құрбандарына арналған. Мекеме 8 арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсетіп отыр. Жыл басынан бері орталық қызметіне 225 тұлға жүгінген.
Ал, «Бақытты жанұя» орталығы отбасыларда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жолында қызмет көрсетеді. Мекемеле отбасыларды қолдау үшін психологиялық, құқықтық және әлеуметтік кеңестер түріндегі кешенді бағдарламаларды жүзеге асыру бағыты жүзеге асырылып отыр. Жыл басынан бері орталықтан 3901 аз қамтылған және көпбалалы, өзге де түрлі санаттарға кіретін азамат қызмет алды.