Шомылу маусымы басталғалы 35 бала қаза тапқан

шомылу

Шомылу маусымын бала біткен асыға күтетіні жасырын емес. Баланың ойы далада болса да, ананың ойы үнемі баласында болуы тиіс. Балалардың суға түсу ережесі мен олардың қауіпсіздігі үнемі назарда болуы тиіс. Елімізде шомылу маусымы басталғалы адамдардың суға кету фактісі жиілеген. Бұл туралы Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті мәлімдеді. Мәселен, биылдың өзінде 85 адам суға батып кеткен. Оның 35-і бала. Ал былтыр 83 адам суға батып, қайтыс болған. Төтенше жағдайлар министрлігінің айтуынша, суға кеткен балалардың дені қараусыз қалған немесе рұқсат етілмеген жерде шомылған.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сүйінсек, атқарылған кешенді шаралардың арқасында жыл сайын суға батып қайтыс болғандар саны азайып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 256-ны құраса, балалардың үлесі -68. Дей тұрғанмен, әр статистиканың артында адам өмірі мен жақындарының қайғысы тұрғанын ескерер болсақ, соңғы 10 жылда 2 мыңнан астам адам суға кетті. Оның 701-і бала.

Өкінішке орай, Шымкент қаласында тыйым салынған орындардағы тақтайшалар да тәртіпке бағынуға мүмкіндік бермей отыр. Рейдтік іс-шараларда ескертуді елемеген тұрғындардың бары анықталды. ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша судағы қаіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 2 адамға айыппұл салынды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.

Шымкент қаласы ТЖ департаментінің бастамасымен балаларды жүзуге тегін үйрету ұйымдастырылды. Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар суда ұстай білудің негіздерін үйренеді. Бүгінгі таңда аквапарк иелерімен ынтымақтастық туралы 15 меморандум жасалды. Осы іс-шара аясында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары тегін жүзуді үйренеді. Бұл әрекет бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Қалада шамамен 20 аквасаябақтар мен бассейіндер бар. Қазіргі таңда 1000-ға жуық бала тегін суда жүзуге үйретілді.

Бала қауіпсіздігіне ең алдымен ата-ана жауапты. Осыған орай 2024 жылы Шымкент қаласының су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жазғы шомылу маусымын тиісті деңгейде өткізу мақсатында кешенді шаралар жоспарын тізген. Жергілікті полиция қызметкерлерімен рейдтік іс-шараларды жүргізіп, су айдындарында шомылуға тыйым салынған орындарда қараусыз жүрген балалардың ата-аналарын жауапкершілікке тарту; су айдындарының қауіпті және демалуға және шомылуға жабдықталмаған учаскелерінде су айдындарына тыйым салатын және ескерту қауіпсіздік белгілерін орнату; балаларды жүзуге үйретуді пысықтау жұмыстарын белсенді түрде жүзеге асыру жоспарланған.

2023 жылғы шомылу маусымы аясында Департамент тарапынан әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 412-бабы (судағы қауіпсіздік ережелерін бұзу немесе орындамау 7 АЕК) бойынша 14 тұлғаға 217 350 тг айыппұл салынды, ал Полиция департаментінің тарапынан 364-бабы бойынша (ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу) 12 тұлғаға ескерту берілген, 440-бабымен (қоғамдық орында алкогольдік ішімдікті ішу) 8 тұлғаға 77 625 тг айыппұл салынған.

Қалада суда жаппай демалу, туризм және спорт үшін қала аумағында 5 ресми орын бекітілген, оның ішінде 3 орында шомылуға рұқсат етілген. Қала аумағындағы аквасаябақтар мен бассейіндер шомылу маусымында жұмыс атқарады.

Сәуір айынан бастап судағы қауіпсізідікті сақтау бойынша 224 рет рейдтік іс-шаралар жүргізілді. (7582 адам қамтылды)  Бұл бағыттағы жұмыстар күнделікті, демалыс және мейрам күндері күшейтілген режимде жүргізіледі. Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің ұйымдастыруымен жазғы шомылу маусымы аясында судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша, қала тұрғындары мен қонақтарына түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде шамамен 960 тұрғын, 7 тұрғын алап, шомылуға рұқсат етілген және тыйым салынған 13 орындар толық қамтылып, 1300 үн парақтары таратылды.



Be the first to comment on "Шомылу маусымы басталғалы 35 бала қаза тапқан"

Leave a comment

Your email address will not be published.


*