«Қазына» би ансамблінің жеңістері елдің назарын аударды

Қазына

2024 жыл Шымкенттің мәдени өмірінде ерекше оқиғаларға толы болды, әсіресе, «Қазына» би ансамблінің жеңістері елдің назарын аударды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, өнердің биік шыңына қол жеткізіп жүрген ұжым 19 наурыз күні Астана қаласында өткен «НАУРЫЗ-2024» республикалық байқауында «Үздік ұлттық би ансамблі» атағын жеңіп алды. Бұл марапат ансамбльдің өнердегі кәсібилігі мен ұлттық мұраға деген зор құрметін дәлелдеді.

Сәуір айында «Қазына» би ұжымы халықаралық деңгейде де өзінің өнерін көрсетті. Ресейдің Пенза қаласында өткен VIII халықаралық хореографиялық өнер фестиваліне қатысқан ансамбль «ПРОФИ» номинациясында гран-при иегері атанып, қазақ би өнерінің әлеуетін тағы бір рет дәлелдеді. Одан бөлек, халық және заманауи билер бойынша төрт түрлі номинацияда I орынды иеленді. Ал Өзбекстанның Хиуа қаласында өткен II Халықаралық «LAZGI» би фестивалінде I орынға ие болған ансамбль халықаралық деңгейдегі танымалдылығын одан әрі арттырды дейді, Бауыржан Орынбасарұлы.

Ансамбль тек байқаулармен шектелмей, гастрольдік сапарлармен де белсенді түрде өнер көрсетуде. «Қазына» ұжымы «Қазыналы алтын сандық» концерттік бағдарламасымен Көкшетау, Петропавл, Астана қалаларына сапар шегіп, көрермендердің қошеметіне бөленген. Ұжымның биік жетістіктері Шымкенттің мәдени дамуына зор үлес қосып, қаланың беделін халықаралық деңгейде арттыра түсуде.