Жастар арасында қазақ әдебиетінің шығармалары талқыланды

қазақ әдебиетінің

Кітап оқу адамның ой-өрісін кеңейтеді, сауаттылығын арттырады. Өйткені кітапты қолыңа алып әрбір бетін парақтап оқу үлкен рухани әсер қалдырады. Сондықтан еліміздің әр өңірінде кітапханалардың сапасы мен кітап оқитын оқырмандардың  санын арттыру қажет. Әсіресе жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру керек.

Қазіргі таңда жоғары оқу орындарында қазақ әдебиетінің тарихы толыққанды өтіле бастады. Әдебиет- ұлттың рухани келбеті, жан дүниесі болғандықтан, жас ұрпақ өз халқының рухын, жандүниесін түсінуі үшін ең алдымен ұлттық әдебиетті оқу керек.   

Шымкентте «Сенің ортаң” жобасы аясында Дулат Исабековтің танымал “Сүйекші” шығармасына арналған жиын өтті. Жастар жобасына қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің өзі қатысты.

Шараның мақсаты – қазақ әдебиетінің маңызды шығармаларын кең аудиторияға таныстыру және әдеби талқылау арқылы қоғамдық пікірді қалыптастыру, сондай-ақ, әдеби талқылаулар арқылы қоғамда мәдени диалог орнату. Сонымен бірге бұл жоба әдебиет саласындағы маңызды мәселелерді көтеру арқылы оқырмандардың мәдени білімін арттыруды көздейді.

«Сүйекші» повесіндегі басты философиялық ой – қауқарсыз жалғыздық. Кедей отбасында өмірге келген Тұңғыштың ештеңеге ұмтылмай, ешқандай мақсатсыз өмірден өтуінің сыры айтылады. Шығармада қазақ қоғамының әлеуметтік мәселелері, тұлғалық қақтығыстар мен моральдық дилеммалар терең сипатталады.

Жиналған жастарды арасында осы шығарманың негізгі тақырыптары мен идеяларын талқыланып, қазіргі жастардың тұрмыс-тіршілігін сөз ете келе ұсыныстары да айтылды .

Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен шарада оқырмандар мен әдебиет сүйер қауым шығарманың өзектілігін, оның әдебиеттегі орны мен қазақ қоғамындағы рөлін талқылауға белсенді қатысты.