Отырарлық шаруа Мұрат Нұрғали тамшылатып суғару технологиясымен 300 гектар жерге жүгері дақылын еккен. Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы ауыл шаруашылығы саласының мамандарымен бірге Ақтөбе ауыл округіне барып, аталған «Мұрат» шаруа қожалығының жүгері алқабында болды. Су үнемдеу арқылы өнімділікті арттыруды мақсат еткен кәсіпкер «Valley» компаниясымен келісім жасап, қажетті жабдықтарын сатып алған. Сондай-ақ, су жинайтын бассейн салып, тамшылатып суғару әдісі арқылы жүгеріден мол өнім алып отыр. Жылдық қуаттылығы 2400 тоннаны құрайтын шаруақожалықта бүгінде 10 адам жұмыс істейді.
«Ауданда су үнемдеу технологиясын пайдаланып көруге ниет білдірген шаруалардың қатары артып келеді. Бүгін біз бұл жобаның тиімділігіне тағы да көз жеткізіп отырмыз. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру керек деп ойлаймын. Біздің мақсат — суды үнемдеу арқылы су тапшылығының алдын алу және өнімділікті арттыру»,-деді аудан басшысы.
Айта кетсек, биыл Отырар ауданында 35 мың гектар жерге егін егілген. Соның ішінде 826 гектары — тамшылатып суғару әдісімен, 354 гектары — жаңбырлатып суғару әдісімен, жалпы 1 180 гектар жерге су үнемдеу технологиясы пайдаланылған.