АӘК алуда заңсыздыққа жол берілген

заңсыздыққа

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық мәжілісте Түркістан қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Эльмира Бейсенованың баяндамасында сотқа 5 отбасының құжаттары жолданып, 33 отбасыға хабарлама берілгені айтылды.

Бұл кемшіліктер қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, бөлім тарапынан құрылған жұмысшы топпен АӘК тағайындауға ұсынылған құжаттарды қайта тексеру барысында анықталған. Бөлім басшысының мәлімдеуінше АӘК алу үшін табысын жасыру, отбасы мүшелерін толық көрсетпеу, мекенжайды өзгертіп ұсыну деректері жиі орын алған.

2024 жылдың ІІІ-тоқсанында атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өткізілген 3409 құжаттың 1960-на төлем жасаудан бас тартылған. Оның 286-сы жұмысшы топтың тексеруінен кейін кері қайтарылған. Қала әкімі заңсыздыққа жол бергендердің жауапкершілігі қатаң қаралатынын ескертіп, Сауран және Шауғар сектор жетекшілерін жұмыстан босатуды тапсырды.

 — Әлеуметтік қолдауға мұқтаждардың несібесіне қол сұғу кешірілмейді. Мен сіздерді төлемнен пайда көрдіңіздер деп айтпаймын, алайда бір адамға тиесілі көмектің өзге адамға төленуіне жағдай жасау – заңдылыққа да, адамгершілікке де қайшы тірлік. Жұмысшы топ мүшелеріне де қойылатын талап осы, — деді Нұрбол Әбдісаттарұлы өз сөзінде.

Сонымен қатар, Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Талған Үсенбаев тапсырмалардың орындалуы жөнінде есеп берді. Қала аумағындағы көпқабатты үйлердің жалпы саны 379-ды құрайды. Оның 175-сі көгілдір отынға қосылған, қалған 204-і орталық жылу жүесі арқылы жылытылады. Баяндамашы орталық жылу жүйесіндегі қысымдау жұмыстары бүгінгі таңға толық аяқталғанын жеткізді.

Қалалық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Жеңіс Төлепбергенов, Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев бекітілген жоспар бойынша іс-шаралардың атқарылуын баяндады.

Қала тазалығын қамтамасыз ету бағытында атқарылған тірліктердің көрсеткішін қалалық Полиция басқармасы басшысының орынбасары Ахан Сапарбеков ұсынды. 26-тамыз бен 01-қыркүйек аралығында қала аумағында Ортақ пайдалану орындарда ластау (ӘҚБтК 434-2 бабы) дерегімен — 194, Абаттандыру қағидатын бұзу (ӘҚБтК 505-бабы) дерегімен – 50, Жол жабындысын бүлдіру (ӘҚБтК 630-бабы) дерегімен 17 хаттама толтырылып, айыппұл рәсімделген. Нұрбол Әбдісаттарұлы тазалық сақтауда тұрғындармен қатар тазалық мекемелерінің де жұмысына қадағалауды күшейтуді тапсырды.

— Тұрғындар кей көшелерде тұрмыстық қалдықтардың мерзімінде алынбайтынына жиі шағымданады. Ұйымдастыру-инспекторлық бөліміне таңдаулы көшелерде тұрақты түрде зерделеу жүргізіп, есеп ұсынуды тапсырамын. Тазалық мекемелері де өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауы тиіс, — деп, шаһар басшысы ескерту жасады.  Мәжіліс қорытындысымен тапсырма-жоспар қайта түзіліп, орындалу мерзімі мен жауаптылар қайта бекітілді.