Нұр-Сұлтанда Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев пен «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтің кездесуімен өткен жиында автожол және көлік салаларының дамуы мәселелері талқыға салынды деп хабарлайды ҚР ИИДМ Баспасөз орталығы.
Бұған дейін «Ақ жолдың» депутаттары төлем жүйесінің енгізілуіне наразы екендіктерін айтқан жүргізушілер мен кәсіпкерлерге қолдау көрсеткен болатын.
Вице-министр Берік Қамалиев депутаттардың ескертулеріне жауап беріп, көлік және автомобиль жолдары саласындағы қазіргі ахуалдан хабардар етті. Сондай-ақ, ол ақылы жолдармен жүру тарифтерінің бес есеге қымбаттайтыны жайлы депутаттармен жарияланған ақпарат шындыққа жанаспайды деп сендірді. Тарифтер 2013 жылдан бері, яғни «Нұр-Сұлтан-Щучинск» автожолына төлем жүйесі енгізілгеннен бері өзгеріссіз қалған: жеңіл көлік үшін — 1 шақырымына 1 теңге, жүк көлігі үшін — 1 шақырымына 5-тен 25 теңгеге дейін, яғни жүк көтергіштігіне байланысты. Бұдан бөлек, вице-министр біздің елде тарифтер басқа мемлекеттермен салыстырғанда төмен екенін баса айтты.
Барлық 4 ақылы учаскеден 2020 жылы 5,7 млрд. теңге түсім түскен. 2021 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша ақылы учаскелерден 2,3 млрд теңге жиналған. Түскен қаражаттың барлығы жолдарды күтіп ұстауға бағытталады.
Айта кетейік, төлем алу жүйесі тек заманауи қауіпсіздік талаптары мен көлік құралдарының жайлы жағдайларына жауап беретін учаскелерде енгізілуде.
Естеріңізге сала кетейік, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес ағымдағы жылы бірінші санаттағы автомобиль жолдарына ақы алу жүйесін кезең-кезеңмен енгізу көзделген.
Кездесу барысында, сондай-ақ, министрлікке автожол саласын дамыту жоспарларына қызығушылық танытқан аймақтық депутаттардан сұрақтар түсіп жатты.
Партия депутаттары министрлікке кері байланыс пен қоғамның пікірлеріне жедел жауап бергені үшін алғыстарын білдірді. Тараптар автожол және көлік салаларын дамыту бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.