Түркістан облысында қариялардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Зейнет жасындағы азаматтарды қоғамның белсенді өміріне тарту, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және денсаулығына қамқорлық көрсету мақсатында ашылып жатқан «Белсенді ұзақ өмір» орталықтары осы бастаманың жарқын көрінісі. Түркістан қаласында тағы бір орталық ашылып, қала тұрғындарының игілігіне берілді. Бұл – өңірдегі осындай 17-ші орталық болып табылады.
Түркістанда екі жыл бұрын алғашқы «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылса, бүгін осы бастаманың жалғасы ретінде жаңа филиал өз жұмысын бастады. Бұл орталықтар облыс тұрғындарының зейнет жасындағы өмірін қолдауға бағытталған әлеуметтік жоба болып табылады. Мұндай орталықтарда қарт адамдарға арналған әлеуметтік, медициналық, психологиялық, құқықтық және ағартушылық қызметтер көрсетіледі. Орталық қызметкерлері қариялардың бос уақытын пайдалы өткізіп, салауатты өмір салтын ұстануы үшін барлық жағдай жасаған. Зейнеткерлер бұл жерден рухани қолдау тауып, өмірге деген құлшынысын арттыра алады. Орталықтың қызметіне зейнеткерлердің арасында сұраныс жоғары болуына байланысты биыл сәуір айында қаладағы «Бекзат» тұрғын алқабынан №1 филиалы ашылса, бұл жолы «Отырар» тұрғын алқабынан №2 филиалы қызмет көрсетуге дайын.
«Отырар» тұрғын алқабында орналасқан №2 филиалдың ашылу салтанатына облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, жиналған қарияларды Халықаралық қарттар күнімен құттықтады. Ол өз сөзінде ардагерлердің мемлекетке қосқан үлесін жоғары бағалап, оларға қамқорлық жасау – елдің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Дархан Сатыбалдының сөзінше, мұндай орталықтардың ардагерлердің өмірін жақсартуға, олардың денсаулығын нығайтуға және қоғамдағы белсенділіктерін сақтауға ықпалы зор.
– Сіздерді бүгінгі Халықаралық қарттар күнімен, мейірім мен ізгілік мерекесімен шын жүректен құтттықтаймын! Қазыналы қарияларымыз Тәуелсіздігіміздің нығаюына, жастардың жүрегіне отаншылдықты сіңіруге үлкен үлес қосып келеді. «Қариялар – ырыс пен ынтымақтың қайнар көзі», дейді дана халқымыз. Облысымызда ардагерлеріміздің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында әр түрлі бағытта жұмыстар атқарылып келеді. Соның ішінде «Белсенді ұзақ өмір» орталықтарының маңызы зор. Бүгінгі таңда 15 ауданда орталық ашылып, 80 мыңға жуық зейнеткер тиісті қызметтермен қамтылуда. Бүгін өздеріңізбен бірге киелі шаһарда үшінші орталықты іске қосып отырмыз. Үлкеннің жолы, ағалық ақылы – асыл қазынамыз. Өмірден көргені мен түйгені көп ақсақалдарымызды ардақтау – басты парызымыз. Сіздердей аға буынның мемлекетіміздің қалыптасуына қосқан үлесі зор. Әсіресе, қайта жаңғырған Түркістан облысының жаңа тарихында да игі істеріңіз жазылатыны анық. Баршаңызға амандық, бақ-береке тілеймін, – деді Дархан Сатыбалды.
Орталық қызметінің ерекшеліктері
Түркістан қаласында бүгінде 16 мыңнан астам зейнеткер тұрады, және олардың көпшілігі орталықтың қызметтерін пайдаланып келеді. Орталықтарда күнделікті 60-70 адамға дейін қызмет көрсетілсе, айына 120-150 зейнеткерге көмек көрсетіледі. Жылдық жоспарға сәйкес, биыл 3480 зейнеткерге қызмет көрсету жоспарланған, ал қазіргі таңда 2240 адам қамтылған. Бұл орталықтарда қарияларға әлеуметтік-медициналық қызметтерден бастап, психологиялық қолдау мен құқықтық кеңес беруге дейін кең ауқымды қызметтер көрсетіледі.
Орталықтың ашылу рәсімінде сөз алған қала ақсақалдары мемлекеттік қолдауға алғыстарын білдіріп, қарияларға көрсетіліп жатқан қамқорлықтың маңызын атап өтті. Түркістан қаласы зейнеткерлерінің өмір сүру сапасын арттыру үшін осындай бастамалар өте маңызды. Қариялар үшін ашылған бұл орталықтар – әлеуметтік қолдаудың нақты үлгісі.
Осылайша, «Белсенді ұзақ өмір» орталықтары Түркістанның қарияларына көрсетілген үлкен қамқорлықтың символына айналып отыр. Мұндай орталықтар алдағы уақытта да өңірде қарқынды дамып, қариялардың өмірін жақсартуға ықпал ететін болады.
Алдағы уақытта Түркістан өңірінде «Белсенді ұзақ өмір» орталықтарының санын арттыру көзделген. Олардың басты мақсаты – қариялардың өмірге деген құлшынысын арттырып, салауатты өмір салтын ұстануға жағдай жасау. Түркістан облысының қариялары, осындай орталықтардың арқасында, қоғамның белсенді мүшелері болып қала бермек.