Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі (РҚБ) Орталық кеңесінің көшпелі кеңесі өткізілді. Бұл маңызды шараға Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, сондай-ақ, өңірлік ардагерлер ұйымдарының басшылары, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішов және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кеңестің негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауын жүзеге асырудағы ардагерлердің рөлін талқылау. Жиында Қазақстанның дамуы, ұлттық құндылықтарды сақтау, және қоғамдағы ардагерлердің орны туралы сұрақтар көтерілді. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының құттықтау сөзін оқып, бұл басқосудың өңірдің рухани өміріне оң ықпал ететініне сенім білдірді.
Ертай Алтаев атап өткендей, Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани және туристік орталығына айналдыруға бағытталған жоспарлар іске асырылып жатыр. «Бүгінгі таңда облыстық ардагерлер ұйымы осы бағытта табысты еңбек етуде. Ұлттық тәрбиені жастарға сіңіруде ардагерлердің рөлі ерекше», — деді ол.
Кеңесте ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов баяндама жасап, ардагерлердің қоғамдағы рөлін, жастарға үлгі боларлық тәжірибелерін бөлісті. Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов, Орталық кеңес төралқасының мүшесі Ж.Ерғалиев, Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Төлетов, Абай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Әлин пікір алмасты.
Кеңестің қорытындысында Түркістан облысының ардагерлер қозғалысына белсенді қатысқан ардагерлерге Орталық кеңестің төсбелгілері мен Құрмет грамоталары тапсырылды. Сонымен қатар, алқалы басқосу Қожа Ахмет Ясауи атындағы университеттің жастарымен кездесу жиынымен жалғасты. Университеттің мәдениет залында еңбек адамына арналған музыкалық-композициялық қойылым қойылып, Бақтықожа Ізмұхамбетов студент жастармен сырлы сұхбат жүргізді.
Кездесуден кейін университет ректоры Жанар Темірбекова оқу орнының жетістіктері мен алдағы мақсаттары туралы ақпарат берді. Шара барысында ардагерлер Түркістанның көрікті орындарын аралап, соғыс ардагерлеріне арналған «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойып, «Жібек жолы» саябағында ағаш отырғызды.
Түркістан облысының ардагерлер кеңесінде 154 мыңнан астам ардагер тіркелген. Ардагерлер кеңесінің құрылымы 17 аудандық, қалалық ардагерлер кеңестерінен және 619 бастауыш (ауылдық) ардагерлер ұйымынан тұрады.