Бүгінгі өркениетке бет бұрған кезде қоғамда қабілетті, қазіргі заманға бейімді, білімді, білікті, ой қызметімен айналысатын шығармашыл тұлға тәрбиелеу – ең өзекті мәселе болып отыр. Халқымызға, әсіресе, жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру ел болашағының негізі екенін ескерсек, болашақта жастарды отан сүйгіштікке тәрбиелеу қажеттілігі туындайды.
Сайрам ауданында қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі саналатын — ұрпақ тәрбиесіне қатысты семинар-кездесу ұйымдастырылды. Қазіргі заман бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. Себебі, ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. Еліміздің ертеңі саналатын ұл-қыздарын салт –дәстүрлермен сусындатып, туған елін, жерін адал сүюді және көзінің қарашығындай сақтап, қорғауды әрбір азаматтың аяулы борышы деп түсіндірген. Тәрбиенің ең маңызды түрінің бірі – ең алдымен өз халқын, өз Отанын сүюден басталады. «Ұрпақ тәрбиесіндегі бетбұрыс» тақырыбында өткен іс-шара облыстық Ардагерлер кеңесінің ұйытқы болуымен аудан, қалаларда жүйелі қолға алынған.
Алқалы басқосуға Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасының бірінші орынбасары Әбдішүкір Сапарбеков, аудан әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ілес Айтжан және аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, аудандағы мектептердің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Семинар-кездесу барысында облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасының орынбасары Әбдішүкір Сапарбеков ұрпақ тәрбиесі және бұл бағытта Ардагерлер кеңесінің атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспары жайлы жан-жақты баяндама жасады. Жиналған көпшілікке бүгінгі өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие беретін ақыл-кеңестер айтылды. Ұрпақ тәрбиесі – бұл болашақ тірегі. Біздің мақсатымыз-қазіргі қоғамның талаптарына сәйкес жан-жақты үйлесімді тұлға қалыптастыру. Егер біз ұрпағымызға дұрыс тәрбие бере алсақ, онда ол тұлға ретірде дұрыс қалыптасып, жетіледі, яғни жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп өседі. Осы тәрбиенің ең маңыздысы – жас ұрпаққа Отан сүйгіштік тәрбие беру. Елімізді, жерімізді, тілімізді құрметтеп, жақсы көруді бүгінгі жастардың бойына сіңіре білуіміз керек. Сонымен қатар өз елінің рәміздерін, Ата заңын білуге, әрі құрметтеуге әрбір азамат міндетті. Өз кезегінде аудан зиялылары да жеткен жетістіктер мен кеткен кемшіліктерге тоқталды. Жиналған көпшілік осындай маңызды мәселе төңірегінде қоғам болып күресіп, ауызбіршіліктің үлгісін көрсету керекпіз деп тарасты.