Қазақстандағы Үндістан елінің елшісі Шубхдаршини Трипатхи мен әскери атташе Милан Налаваде Алматыдағы бітімгерлік даярлық орталығына барды деп хабарлайды ҚР ҚМ Баспасөз орталығы.
Орталық басшысы полковник Бауыржан Нығматуллин елшіні жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтап, оған алда еліміздегі қызметіне табыс тіледі. Сонымен қатар, Үндістан Республикасының Әскери атташесі полковник Милан Налаваде Қазақстан Республикасындағы мерзімінің аяқталуына қарай, оның қазақстандық бітімгерлікті дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, елеулі еңбегіне алғысын жеткізді.
Кездесу барысында тараптар бітімгерлік әлеуетті дамыту шеңберіндегі Үндістан мен Қазақстанның қорғаныс ведомстволары арасындағы екі жақты ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Аталмыш орталықтың мақсаты, қызметінің мәні мен оның даму жолдары туралы полковник Бауыржан Нығматуллин баяндады.
Кездесу өткен жылдың желтоқсан айында ашылған бітімгерлік даярлықтың қазақстандық-үнділік сыныбында өтті.
Шубхдаршини Трипатхи еліміздің қонақжайлылығы мен кездесуге өз атынан алғысын айтып, бейбітшілікті қолдау жөніндегі операцияларға өзінің қатысуын кеңейту арқылы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтудағы Қазақстанның қосқан үлесіне жоғары баға берді.
Бұдан өзге де, елші үнді тарапы бітімгерлік даярлық орталығын дамыту ауқымында өзара тығыз іс-қимыл жасауға дайын екенін мәлімдеді.