Патриоттық әндер – еліміздің тарихы, мәдениеті, табиғаты, халқы мен Тәуелсіздігі туралы жазылған әндер. Олар адамның туған жеріне деген сүйіспеншілігін оятып, ұлттық бірлікті нығайтуға, жастарды отанға деген құрметке тәрбиелеуге бағытталған. Мұндай әндер, мысалы, «Менің Қазақстаным», «Атамекен», «Алға, Қазақстан!» сияқты шығармалар патриотизмді, ұлттық мақтаныш пен елге деген сүйіспеншілікті ұялатып, халықты біріктіреді. Бұл әндер тек музыкамен шектелмей, халықтың жүрегіне патриоттық сезімді тереңінен ұялатады, ел үшін мақтаныш пен жауапкершілікті қалыптастырады.
Ағымдағы оқу жылында аудандық білім бөліміне қарасты №93 Абылайхан атындағы жалпы білім беретін мектебінде «Жаса, Жаса Қазақстаным» атты облыстық патриоттық ән байқауының аудандық кезеңі өткен болатын.
Мақсаты — оқушыларды патриоттық сезімге, ұлттық сана-сезімге, азаматтық борышқа тәрбиелеу, патриоттық ән мәдениетінің үздік үлгілерін сақтау және дамыту, дарынды орындаушыларды іздеу және қолдау, орындаушылық шеберліктерін арттыру, ән мұрасымен таныстыру, көркемөнерпаздар шығармашылығын дамыту.
Ережеге сәйкес, облыс аумағынан 10-17 жас аралығындағы жалпы орта және қосымша білім беру ұйымдарының білім алушылары қатысты. Олар аудан, қалалық кезеңдерінің жеңімпаздары болды. Жас ерекшеліктеріне қарай 10-13 және 14-17 жас санатындағы оқушылар бақ сынасты.
Байқаудың қорытындысымен алғашқы жас санаты бойынша №50 Н.Тілендиев атындағы жалпы білім беретін мектебінің 7 «А» сынып оқушысы Дайрабай Жанерке бас жүлдені иеленсе, одан кейінгі жас санатынан №68 С.Датұлы атындағы жалпы білім беретін мектебінің 10 «Ә» сынып оқушысы Анварова Роза 1-орын алып, облыстық кезеңге жолдама алған.
Осы орайда, Ж.Дайрабай Түркістан қаласында өткен өңірлік кезеңінде «Гүлістан Қазақстан» әнін орындап, ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Жетекшісі — музыка пәнінің мұғалімі Д.Дәулетов.
Көпшілікті өнерімен тамсандырған жас өнерпазымызды жүлделі орынмен құттықтаймыз! Өнерің өрге жүзсін, Жанерке! Алдағы уақытта өтетін өнер додаларында ауданымыздың атын асқақтатып, жеңіс тұғырынан көрініп, биік белестерді бағындыратыныңа сенім артамыз.