Сайрам ауданында «Өңіраралық қоныс аудару» бойынша Солтүстік Қазақстан облысынан «Қандастар және қоныс аударушылар орталығы» өкілдері аудан халқымен кездесу өткізді.
Қоныс аударуға ниетті азаматтарға солтүстіктен келген өкілдер бос жұмыс орындары, тұрғын үй мәселесі, көтерме жәрдемақы сияқты мемлекеттік қолдаулар жайлы толыққанды ақпарат берді. Кездесуге келген көшуге ниетті азаматтардың көкейіндегі сұрақтарға жауап берді.
Жиынға қатысқан қоғам белсендісі, «Тәуекел» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бурахан Дақанов теріскейдің климаты, ауыл шаруашылығы үшін тиімді тұстары туралы айтты.
Қандастар және қоныс аударушыларға ақпараттық-түсіндіру орталығының директоры Әнуар Тоқпан мемлекеттік тарапынан көрсетілетін материалдық көмек пен қолдаулар жайлы айтып өтті.
Кездесуге келген сайрамдықтар қойған сауалдары тұрақты жұмыс орындары, тұрғын үй, инфрақұрылым бағытында болды. Спикерлер қойылған сұрақтарға жауап беріп, оңтүстік жұртын жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге көшуге шақырды.
Сондай –ақ көші-қон бойынша насихат тобы Түркістан халқымен кездесу өтті.
Шара барасында еліміздің солтүстік өңірлеріне қоныс аударуға ниетті оңтүстік тұрғындарына қажетті ақпараттармен бөлісті. Сонымен қатар өңіраралық қоныс аударудың артықшылықтары, оның ішінде тұрғын үй мен әлеуметтік қолдаулар алудың мүмкіндіктері түсіндірілді.
Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың он айында Түркістан облысынан 288 отбасыдан 1 116 адам қоныс аударды. Нақты көрсетсек, Шығыс Қазақстан облысына – 18 отбасы (71 адам), Қостанай облысына – 18 отбасы (71 адам), Павлодар облысына 127 отбасы (592 адам), Солтүстік Қазақстан облысы – 110 отбасы (318 адам), Қарағанды облысына 2 отбасы (11 адам), Абай облысына 8 отбасы (23 адам), Ұлытау облысына 5 отбасы (30 адам). Жалпы еліміз бойынша 3 494 қоныс аударғандардың 32%-ы Түркістан облысының үлесінде. Олардың ішінде еңбекке жарамды 538 адамның 304-і жұмысқа орналасқан.
Жалпы, 2015 жылдан бері жұмыс күші аз солтүстік өңірлеріне халқы тығыз орналасқан оңтүстік аймақтарынан азаматтарды көшіру жұмыстары нәтижесінде, облысымыздан 2015 жылдан бүгінге дейін 14 874 адам немесе 3 358 отбасы қоныс аударған.