Қаратау тұрғындары “AMANAT” партиясының “Таза бейсенбі” акциясына қолдау білдірді

Қаратау тұрғындары

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған “Таза Қазақстан” ұлттық жобасы – еліміздің экологиялық ахуалын жақсартуға және әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Осы игі бастаманы жүзеге асыруда “AMANAT” партиясы да өз үлесін қосып, қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған “Таза бейсенбі” экологиялық акциясын тұрақты түрде өткізіп келеді. Негізгі мақсат – халық арасында тұрақты тазалық мәдениетін қалыптастыру, еңбектi жүктеме емес, әр азаматтың әдетке айналатын күнделікті ісі ретінде дамыту  .

Жуырда Шымкент қаласындағы Қаратау ауданында “AMANAT” партиясының ұйымдастыруымен кезекті “Таза бейсенбі” акциясы өтті. Бұл жолғы шараға қалалық және аудандық партия филиалдарының өкілдері, “Жастар рухы” Жастар қанатының белсенділері және коммуналдық қызмет мамандарынан құралған 70-тен астам адам қатысты. Олар көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыру, қоқыстан тазарту, арамшөптерді шабу және қураған бұтақтарды кесу жұмыстарын жүргізді.

“AMANAT” партиясының Қаратау ауданындағы филиалының өкілдері атап өткендей, “Таза бейсенбі” акциясы “Таза Қазақстан” ұлттық жобасының мақсаттарына тікелей үлес қосады. Акцияға қатысушылардың бірлескен күшімен ауданның аулалары тазарып, тұрғындардың демалысы үшін қолайлы жағдай жасалды. Бұл шара тек қана тазалықты қамтамасыз етумен шектелмейді, сонымен қатар, халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.

Жыл басынан бері “AMANAT” партиясының ұйымдастыруымен Шымкент қаласынан 17 тоннадан астам қоқыс шығарылып, “Таза бейсенбі” акциясына 2000-нан аса адам белсене қатысты. Бұл қала тұрғындарының экологиялық мәселелерге бей-жай қарамайтындығын, тазалықты сақтауға және қоршаған ортаны қорғауға дайын екендігін көрсетеді. “AMANAT” партиясының өкілдері алдағы уақытта да “Таза Қазақстан” ұлттық жобасын қолдау және “Таза бейсенбі” акциясын тұрақты түрде өткізу арқылы қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға, тұрғындардың денсаулығын қорғауға және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастыра беретінін мәлімдеді.

«Таза бейсенбі» – бұл жай бір күндік акция емес, бұл – халықтың экологиялық сана-сезімін қалыптастырудың жүйелі және тиімді құралдары, жергілікті қоғамдастықтарды біріктіретін платформа, және табиғатты қорғаудың нақты іс-шаралар арқылы жүзеге асырылуы. Бұл бастаманың тұрақты болуы – келер ұрпаққа таза орта қалдыруға жасалған үлкен қадам.