Түркістан қаласы соңғы жылдары Қазақстанның мәдени және экономикалық орталықтарының бірі ретінде қарқынды дамып келе жатыр. Түркістан облысының әкімшілік орталығы болып табылатын бұл қалаға жыл сайын туристер мен бизнес өкілдері көп келеді. Сол себепті, көлік инфрақұрылымын жақсарту, жолдар мен транзиттік байланысты нығайту маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Түркістан қаласының айналма жол құрылысы осы мақсатқа бағытталған стратегиялық жобалардың бірі болып табылады.
Осы орайда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «China Railway Asia-Europe Construction Investment Co., Ltd.» компаниясының бас директоры Чжоу Хайвэйды қабылдап, келіссөз жүргізді. Астанадағы жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасына қатысқан бұл компания Түркістан өңірінде де ірі инвестициялық жобаларға қатысуды жоспарлап отыр. Оның ішінде Түркістан қаласының шығыс айналма жолының құрылысын биылғы қыркүйек айында басталатын болды.
– Екі мемлекеттің Президенттерінің тығыз байланысы, достық қарым-қатынасы маңызды бастамаларға жол ашуда. Бір ай бұрын өзіңізбен жолыққанымызда Түркістан өңірінде бірқатар жобаны жүзеге асыруға келіскен болатынбыз. Енді сол жұмыстар басталады. Бұл стратегиялық әріптестік Түркістан облысын дамытуға серпін береді деп сенемін, – деген Нұралхан Көшеров өңірдің инвестициялық әлеуетін тағы да таныстырды.
Әлеуетті инвестор Түркістан қаласының шығыс айналма жолын салады. Бүгінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының бір бөлігі Түркістан қаласының орталығында орналасқан және шамамен тәулігіне 8000 жүк көлігі жүріп өтеді. Бұл шаһарда көлік кептелісін туындатып, жолдардың жиі зақымдалуына ықпал етуде. Оған қоса, ірі жүк көліктері үшін қаланың ішін қақ жарып өту де қолайсыздық тудырады. Осы мәселені шешу үшін Түркістанның шығыс бөлігінен айналма жол салу жоспары жасалып, қолдау тауып отыр. 30 шақырым жолдың құрылысы 1,5 жылда аяқталады деп жоспарланған.
Қос тарап осы жолдың құрылысына және облыста логистикалық орталық пен өндіріс орнын ашу бойынша да келіссөз жүргізіп, жобалар жүзеге асатын аймаққа шолу жасады. Алдағы уақытта өңірде жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жобалар жалғасын таппақ.
Түркістан қаласының айналма жолы — бұл тек қала ішіндегі көлік қозғалысын реттейтін инфрақұрылымдық жоба емес, бұл бүкіл аймақтың дамуында маңызды рөл атқаратын стратегиялық бастама. Жобаның іске асуы Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын арттырып, оның халықаралық мәртебесін нығайтады. Жолдың толық іске қосылуы қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға, сондай-ақ экономикалық және экологиялық жағдайды жақсартуға оң әсер етеді.