Төлеби – инвестициялық әлеуеті жоғары өңір

Төлеби – инвестициялық әлеуеті жоғары өңір

Түркістан облысының Төлеби ауданы – ауыл шаруашылығы, туризм және өнеркәсіп салаларын қарқынды дамытып келе жатқан өңірлердің бірі. Соңғы жылдары аудан әкімдігі шетелдік және отандық инвесторлармен тығыз байланыс орнатып, экономикаға ірі көлемде инвестициялар тартуда.

Түркістан облысында өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен инвестиция тартуға, өндіріс орындарын ашуға басымдық берілген.  Осы ретте  Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Қытай Халық Республикасынан келген инвесторлармен кездесті. Кездесу барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық мүмкіндіктері және Ленгір қаласындағы кеңес дәуірінде жұмыс істеп, тоқырау жылдарында тоқтап қалған өндіріс ошақтарының қазіргі жай-күйі таныстырылды.

Аудан басшысы қазіргі таңда құрылысы жүріп жатқан өндірістік парк пен индустриалды аймақтың болашағына ерекше тоқталып, бұл нысандардың аудан экономикасын дамытуға және кәсіпкерлікті қолдауға айрықша үлес қосатынын атап өтті.

Еркеғали Амантайұлы шетелдік және отандық инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылымды жетілдіру, жаңа жұмыс орындарын құру және бизнеске жүйелі қолдау көрсету бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Сонымен қатар аудан өндіріс ошақтарын қайта іске қосуға ашық екенін және білікті жұмыс күші жеткілікті екенін атап өтіп, инвесторларға барлық деңгейде жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Тоқтап тұрған өндірістік нысандардың әлеуетін тиімді пайдалану арқылы жаңа жұмыс орындарын құру және жергілікті экономиканы жандандыру мүмкін екендігін де ерекше атап өтті.

Өз кезегінде инвесторлар ауыл шаруашылығы мен кен өндіру салаларында бірлесіп жұмыс істеуге ниетті екендіктерін білдіріп, аудандағы шахта кен орындарының жұмысымен танысуға қызығушылық танытты.

Төлеби ауданы – тек табиғаты әсем ғана емес, экономикасы да қарқынды дамып келе жатқан өңір. Жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар – халықтың әл-ауқатын арттырып, ауылдар мен қалашықтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосуда.