Фото: С. Мырзалиев
Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахманов мәлімдеді деп хабарлайды Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы.
Бас имамның айтуынша, қалаға қарасты мешіттерде барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып бес уақыт және жұма намазын жамағат болып оқуға рұқсат берілді.
– Шымкент қаласы «жасыл» аймақта орналасуына байланысты мұсылмандардың діни мерекесі – жұма намазын мешіттерде оқуға болады. Яғни, барлық мешітке келуші азаматтар ҚМДБ тарапынан бекітілген талаптарды толық орындауы керек. Атап айтқанда, ҚР Бас санитарлық дәрігердің бекіткен қаулысына сай бетперде тағып, 1,5 метр арақашықтық сақтап жүргені абзал, – деді Бақдәулет Нұрматұлы.
Брифинг барысында имам орынбасары Мұхамеджан Естеміров жұма намазын өтеу үшін мешітке келушілерге арналған талаптарды атап өтті.
– Еліміздегі карантин талаптарына сәйкес мешітке келушілер намаздан соң қол беріп амандасуға болмайды. Оның орнына қолыңызды жүрек тұсына қойып, ишара жасаса жеткілікті. Сонымен қатар дене қызуы 37-ден жоғары, тұмау және басқа да ауру белгілері бар азаматтар мешітке келмегені дұрыс, – деді М.Естеміров.
Айта кетейік, мешітке келушілер үшін жұма намазы алдында уағыз-насихат айтылмайды. Тек жұма құтбасы мен парызы өте қысқа сүрелер мен аяттар оқу арқылы жүзеге асырылады.