Еліміздің тұрақты дамуы мен өркендеуінің басты негіздерінің бірі – қоғамдық келісім мен этносаралық татулық. Осы құндылықтарды нығайту мақсатында Түркістан облыстық Қоғамдық келісім мекемесінің ұйымдастыруымен «Елтану» жобасы аясында Сарыағаш ауданы, Жартытөбе ауылында мазмұнды кездесу өткізілді.
Іс-шараның басты мақсаты – қоғамдық тұрақтылықты сақтау, тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру, этносаралық қарым-қатынасты нығайту және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру. Кездесу барысында Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Х.Исақов, Түркістан облысы Дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теолог маманы З.Дінмұхамед және Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкері тұрғындармен пікір алмасып, қоғамдық келісім мен бірліктің маңызы, құқықтық сауаттылықты арттыру, жастар тәрбиесі және құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.Іс-шараға қоғамдық келісім саласының мамандары, ақсақалдар кеңесінің мүшелері, полиция қызметкерлері, этнос өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жиын барысында ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау, заң талаптарын құрметтеу, этносаралық татулық пен қоғамдық бірлікті нығайту бағытындағы жұмыстардың маңыздылығы кеңінен сөз болды. Сонымен қатар жастар арасында патриоттық құндылықтарды насихаттау, ұлттық бірегейлікті сақтау және құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жиын ашық пікір алмасу форматында өтіп, тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан қажетті ақпарат алды. Мұндай кездесулер халықтың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, қоғамдағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтуға ықпал етеді.
Бүгінде «Елтану» жобасы өңір тұрғындары арасында бірлік пен келісім құндылықтарын дәріптеуге бағытталған маңызды алаңға айналып отыр. Жоба аясындағы іс-шаралар азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттырып, этносаралық татулық пен қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға қызмет етуде.
Қоғамдық келісім мен бейбітшілік – еліміздің ең басты байлығы. Сондықтан әрбір азамат осы құндылықтарды сақтауға және нығайтуға өз үлесін қосуы тиіс. «Елтану» жобасы осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі ретінде қоғамдағы бірлік пен татулықты одан әрі бекемдеуге ықпал ете береді.
