Зайырлы мемлекет — азаматтардың діни сеніміне қарамастан құқықтары мен бостандықтарын тең дәрежеде қамтамасыз ететін мемлекет. Зайырлылық қазіргі демократиялық қоғамның маңызды қағидаларының бірі болып саналады. Оның басты мақсаты — мемлекет пен діннің қызмет салаларын ажыратып, әр адамның ар-ождан және діни сенім бостандығын қорғау.
Қазақстан Республикасы — зайырлы мемлекет. Бұл қағида еліміздің Конституциясында бекітілген. Мемлекет ешбір дінді мемлекеттік дін ретінде белгілемейді және барлық діни бірлестіктердің заң алдында тең болуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар әр азаматтың өз дінін еркін таңдауына немесе ешқандай діни сенімді ұстанбауына құқығы бар.
Зайырлы қоғамда адамдардың өзара құрметі мен төзімділігі ерекше маңызды. Қоғам мүшелері түрлі дінді ұстануы немесе әртүрлі дүниетанымда болуы мүмкін. Соған қарамастан, олардың барлығы ортақ заңдар мен қоғамдық тәртіпті сақтауы тиіс. Діни сенім адамның жеке таңдауы болғандықтан, басқа адамның көзқарасына құрметпен қарау — мәдениетті әрі жауапты қоғамның белгісі.
Зайырлылық білім мен ғылымның дамуына да мүмкіндік береді. Білім беру жүйесі ғылыми қағидаларға негізделіп, оқушылардың сыни ойлау қабілетін қалыптастыруға бағытталады. Бұл жастардың ақпаратты дұрыс бағалап, түрлі пікірлерді саралай білуіне көмектеседі.
Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» дін саласы мамандарының кәсіби әлеуетін арттыруға, біліктілігін жетілдіруге және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігін күшейтуге бағытталған «Зайырлы мемлекет пен қоғам» тақырыбындағы семинар-тренинг өтті.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, теологтар, дінтанушылар, заңгерлер, ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері мен дін саласының мамандары қатысты.
Семинар-тренингке Түркістан облысы дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Абуов модераторлық етті. Ол кіріспе сөзінде зайырлылық қағидаттарын қоғамда кеңінен дәріптеу, азаматтардың діни және құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ дін саласы қызметкерлерінің кәсіби құзыреттілігін жүйелі түрде дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Семинардың мақсаты – зайырлы мемлекет қағидаттарының мәні мен мазмұнын түсіндіру, дін саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, тәжірибе алмасу арқылы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының сапасын арттыру және радикалды идеологиялардың алдын алу бағытындағы тетіктерді жетілдіру.
Семинар аясында философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы Кеңшілік Тышқан «Зайырлы мемлекет пен діни қағидаттар қатынасы» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада зайырлылық ұғымының тарихи қалыптасуы, оның қазіргі қоғамдағы орны, мемлекет пен дін арасындағы құқықтық қатынастар, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудегі зайырлы мемлекеттің рөлі жан-жақты сараланды.
Заңгер Құнанбай Әбибуллаұлы Мусаев «Жаңа Конституциядағы адам құқықтарының салт-дәстүрімізбен тарихи байланысы» тақырыбында сөз сөйлеп, адам құқықтары мен бостандықтарының ұлттық құндылықтармен және тарихи тәжірибемен сабақтастығына тоқталды. Сонымен қатар құқықтық мәдениетті қалыптастырудың және конституциялық құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығын атап өтті.
Теолог Болат Шаймолдаұлы Шоманов «Зайырлы қоғамдағы діни радикалданудың кейбір себептері» тақырыбында баяндама жасап, діни радикалдануға ықпал ететін әлеуметтік, психологиялық және ақпараттық факторларға талдау жүргізді.Сондай-ақ жастардың діни сауаттылығын арттыру, ұлттық құндылықтарды насихаттау және интернет кеңістігіндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтудің өзектілігіне назар аударды.
Семинар-тренинг барысында қатысушылар өңірдегі діни ахуалға қатысты өзекті мәселелерді талқылап, пікір алмасты. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыру, жастармен жұмыстың жаңа тәсілдерін енгізу, сондай-ақ деструктивті діни идеологиялардың алдын алу бағытындағы ұсыныстар қарастырылды.
Іс-шара қорытындысында қатысушылар зайырлылық қағидаттарын қоғамда кеңінен насихаттау, азаматтардың діни және құқықтық мәдениетін арттыру, конфессияаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты нығайту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
Семинар-тренинг соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
