Қожа Ахмет Ясауи мұрасы — руханияттың қайнар көзі

Түркістан қаласындағы «Достық» үйінде Қожа Ахмет Ясауидың рухани-философиялық мұрасын кеңінен насихаттауға арналған «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық семинары өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Мемлекет басшысының ұлттық құндылықтарды дәріптеу және тарихи тұлғалардың мұрасын жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Танымдық іс-шараның басты мақсаты — Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын кеңінен насихаттау, жастардың тарихи-мәдени құндылықтарға қызығушылығын арттыру және Ясауи ілімінің қазіргі қоғамдағы маңызын түсіндіру.

Семинарға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар, теологтар, дінтанушылар, зиялы қауым, жастар және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Ерлан Дәкенов жүргізіп, Қожа Ахмет Ясауи мұрасының ұлттық бірегейлікті нығайтудағы және жастарды ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелеудегі маңызын атап өтті. Мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов өңір басшысының құттықтауын жеткізіп, Ясауи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеу мен кеңінен насихаттаудың маңызына тоқталды.

Семинар барысында белгілі ғалымдар мен теологтар Қожа Ахмет Ясауи мұрасының тарихи, рухани және тәрбиелік мәні, ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы орны, «Диуани хикметтегі» адамгершілік құндылықтар мен Ясауи ілімінің бүгінгі қоғам үшін өзектілігі туралы баяндамалар жасады.

Іс-шара соңында қатысушылар Ясауи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеу, жастар арасында кеңінен насихаттау және рухани құндылықтарды қоғам өмірінде дәріптеу мәселелері бойынша пікір алмасты. Сарапшылар Ясауи мұрасы ұлттық бірлікті, рухани қауіпсіздікті және дәстүрлі құндылықтарды нығайтудың маңызды негіздерінің бірі екенін атап өтті.

«Ясауи керуені» ғылыми-танымдық семинары — өскелең ұрпаққа тарихи мұраны таныстырып қана қоймай, оларды білімге, ізгілікке және рухани құндылықтарды құрметтеуге үндейтін маңызды бастама.

Қорыта айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи мұрасы — ұлттар мен ұрпақтарды сабақтастыратын рухани көпір. Осындай ғылыми-танымдық іс-шаралардың өткізілуі тарихи жадымызды жаңғыртып, түркі өркениетінің бай мұрасын кеңінен танытуға мүмкіндік береді.

 «Ясауи керуені» жобасы алдағы уақытта облыстың барлық қала және аудандарында жалғасып, ғылыми-танымдық кездесулер мен рухани-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылады.