Құқықтық сауаттылық – қоғам қауіпсіздігінің негізі

Қазіргі қоғамда қауіпсіздік ұғымы тек құқық қорғау органдарының қызметімен шектелмейді. Қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету әрбір азаматтың құқықтық сауаттылығына, өз құқығы мен міндетін білуіне тікелей байланысты. Заңды білу, құқықтық нормаларды құрметтеу және оларды күнделікті өмірде дұрыс қолдана білу – өркениетті қоғамның маңызды белгілерінің бірі.

Құқықтық сауаттылық дегеніміз – адамның өз құқықтары мен міндеттерін білуі, заң талаптарын түсінуі және құқықтық жағдайларда дұрыс шешім қабылдай алуы. Заңды білмеген адам өз құқығының бұзылғанын дер кезінде байқамауы немесе алаяқтық пен басқа да құқық бұзушылықтардың құрбаны болуы мүмкін. Сондықтан құқықтық білім беру – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі.

Әсіресе жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттырудың маңызы зор. Жасөспірімдер өздерінің жауапкершілігін, заң алдындағы міндеттерін, киберкеңістіктегі қауіпсіздік ережелерін және басқа адамдардың құқықтарын құрметтеудің маңызын білуі қажет. Мектеп пен отбасы осы бағытта бірлесіп жұмыс жүргізсе, құқық бұзушылықтың алдын алуға елеулі ықпал етеді.

Бүгінде интернет пен әлеуметтік желілердің кең таралуына байланысты құқықтық сауаттылықтың жаңа қырлары пайда болды. Жеке мәліметтерді қорғау, күмәнді сілтемелерге өтпеу, бейтаныс адамдарға банк картасының деректерін бермеу, жалған ақпаратты таратпау – қазіргі азамат білуге тиіс қарапайым қауіпсіздік шаралары. Цифрлық ортада да заң талаптарын сақтау әр адамның жауапкершілігі болып табылады.

Құқықтық сауатты азамат өзінің ғана емес, айналасындағы адамдардың да қауіпсіздігіне үлес қосады. Ол құқық бұзушылыққа бейжай қарамайды, даулы мәселені күш қолдану арқылы емес, заңды жолмен шешуге тырысады. Сонымен қатар өзгенің ар-намысы мен құқықтарын құрметтеу қоғамдық мәдениетті қалыптастырады.

Қоғамда заңға деген құрмет қалыптасқан кезде әділдік пен тәртіп нығая түседі. Ал құқықтық сауаттылықтың төмен болуы заң бұзушылықтардың көбеюіне, азаматтардың өз құқықтарын қорғай алмауына және әлеуметтік сенімнің әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан құқықтық білімді арттыру тек мемлекеттік органдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Осы тұрғыда Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында, этнос өкілдерінің қатысуымен «Құқықтық сауаттылық – қоғам қауіпсіздігінің негізі» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.

Кездесудің негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын түсіндіру, күнделікті өмірде кездесетін құқықтық тәуекелдердің алдын алу және қоғамдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.

Іс-шара барысында Түркістан облыстық Медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Бейсембаев құқықтық сауаттылықтың маңызы мен дауларды бейбіт жолмен шешудің тиімді тетіктері туралы айтып өтті.

Сонымен қатар, Түркістан облысы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қуанышбай Жұмаділдаев әлеуметтік желілердегі алаяқтық түрлері, киберқылмыскерлердің қолданатын тәсілдері және олардан қорғану жолдары жөнінде маңызды ақпараттармен бөлісті.

Банк клиенттерінің құқықтары мен қаржылық қауіпсіздігі туралы «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Түркістан облыстық филиалының куратор менеджері Шыңғыс Камбатыров түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Ал Түркістан облысы Әділет департаментінің бас маманы Малике Халилова заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеуге қатысты заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы баяндады.

Кездесу соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандармен пікір алмасты.

Құқықтық сауатты қоғам – өз құқығын білетін, міндетін түсінетін және қауіптің алдын ала алатын қоғам. Сондықтан мұндай түсіндіру кездесулерінің маңызы зор.