Ынтымақ пен бірлік – елдің басты құндылығы

Қазақстан қоғамының маңызды құндылықтарының бірі – әртүрлі этнос өкілдерінің өзара құрмет, түсіністік және ынтымақтастық негізінде өмір сүруі. Қоғамдық бірлік – адамдардың этностық ерекшеліктеріне қарамастан, ортақ мақсаттар мен жалпыадамзаттық құндылықтар төңірегінде топтасуы.

Әртүрлі этнос өкілдерінің бір кәсіпорында, бір ұжымда тату-тәтті еңбек етіп, ортақ нәтижеге бірге ұмтылуы – қоғамдық келісімнің күнделікті өмірдегі нақты көрінісі. Еңбек барысында қалыптасқан өзара сыйластық пен сенім адамдар арасындағы байланысты нығайтып, ұжымның тұрақты әрі нәтижелі жұмыс істеуіне ықпал етеді.

Қоғамдық бірлікті нығайтуда өзара құрмет, толеранттылық, жауапкершілік және азаматтық ынтымақтастықтың маңызы зор. Әр адамның мәдениеті мен дәстүріне құрметпен қарау, ортақ құндылықтарды дәріптеу және қоғам игілігі үшін бірлесіп еңбек ету – тұрақты әрі үйлесімді ортаның қалыптасуына негіз болады.

Бірлік – тек ұран емес, ол күнделікті қарым-қатынастан, ортақ еңбек пен өзара қолдаудан көрінетін құндылық. Сондықтан әр азаматтың қоғамдық келісімді сақтауға қосқан үлесі елдің тұрақты дамуы мен болашағы үшін маңызды.

Осы орайда еңбек күні қарсаңында Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ өкілдері Төлеби ауданындағы Бірінші мамыр елді мекенінде орналасқан «Балмұздақ» ЖШС кәсіпорнына барып, еңбек ұжымымен кездесті.

Өндіріс орны бүгінде өңірдегі тұрақты еңбек ұжымдарының бірі. 3 гектар аумақты алып жатқан кәсіпорында 175-тен астам адам еңбек етеді. Онда түрлі этнос өкілдері де бар. Бір шаңырақ астында әртүрлі мәдениет пен дәстүрді ұстанатын азаматтардың бір мақсат жолында еңбек етуі – қоғамдық келісім мен өзара сыйластықтың нақты көрінісі.

Кездесу барысында жұмыс тобы кәсіпорынның өндірістік үдерісімен танысып, еңбек ұжымының тыныс-тіршілігін көрді. Кәсіпорын басшысы Нуралиев Мақсат Сайдалиұлы ұжымның жұмысы мен өндіріс орнының бүгінгі тынысы туралы айтып өтті.

Шараға Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева Ұласбекқызы, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов және Төлеби ауданының өкілдері қатысты.

Кездесуде еңбек – адамды ғана емес, тұтас ұжымды біріктіретін ортақ құндылық екені айтылды. Әртүрлі этнос өкілдерінің бір кәсіпорында тату-тәтті еңбек етіп, ортақ нәтижеге бірге ұмтылуы – еліміздегі бірлік пен тұрақтылықтың берік негізі.

Эльмира Жанғазиева еңбек ұжымдарын Қоғамдық келісім шараларына белсенді қатысуға шақырып, бұл бағыттағы бастамалардың еңбек адамын қолдауға, кәсіби ортадағы өзара сыйластықты арттыруға және ортақ құндылықтар төңірегінде топтасуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Адал еңбек, жауапкершілік пен кәсіби шеберлік – өндірістің қозғаушы күші. Ал бірлігі жарасқан ұжым – кез келген кәсіпорынның басты капиталы.

Еңбекке құрмет – еңбек адамына құрмет.

Бір мақсат жолында жұмылған әр азаматтың еңбегі – ел дамуына қосылған үлес.