Қалалық ақпараттық-ағартушылық штабының мүшесі, «Parasat» — сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметі басшысы м.а. Г.Дулатова М.Әуезов атындағы ОҚУ «Филология» және «Механика және мұнайгаз ісі» факультеттерінің 1-курс студенттерімен кездесті.
Шара барысында білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жемқорлыққа қарсы дүниетанымды және мәдениетті қалыптастыру, өскелең ұрпақты адалдық қағидаттарына тәрбиелеумен қатар, академиялық адалдық ережелері түсіндірілді.
Гүлбақыт Дулатова жастар ертеңгі елдің мақтаныштары, үміттері екендіктерін жеткізіп, әр студент оқу орнында өзіне дұрыс бағыт-бағдар алып, тек адал жүріп, білімге құштар болғанда ғана, мықты маман атанып, елінің дамуына елеулі үлестерін қосатындығын атап өтті.
Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің бастамасымен жүзеге асырылып отырған «Sanaly urpaq» клубының жұмысымен таныстырып, 1-курс студенттерін құрамына қабылдау туралы ақпарат берді.
Шара соңында студенттердің сұрақтарына жауап беріп, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы тәулік бойы жұмыс жасайтын 1424 Call-орталығына хабарласу қажеттігін айтты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы департаменті