Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері есірткі қылмыстарының алдын алу бойынша үздіксіз жұмыс жасауда. Мәселен, Сарыағаш АПБ-нің полицейлері шекара бекеті қызметкерлерімен бірлесіп, түрлі заңсыздыққа жол бермеу мақсатында рейдтік жұмыстарын тұрақты жүргізіп отырады. Осындай кезекті жұмыс күнінде ҚР-нан ӨР-на өтіп жатқан азамат күмән тудырып, «Имерек» атты қызметтік ит белгі береді. Содан тексеру кезінде күдікті азаматтың ішкиіміне жасырылған ақ параққа оралған ерекше хош иісі бар есірткі затына ұқсас зат табылады. Белгілі болғандай, күмән тудырған ер азамат Өзбекстан Республикасының азаматы болып шықты. Ол ішкиіміндегі есірткімен Өзбекстан Республикасына өтпек болған.Аталған жайтты полицейлер ҚК-нің 286-бабы «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сараптама тағайындалып, оның қорытындысына сәйкес зерттеуге ұсынылған зат «кептірілген марихуана» екені анықталды. Жалпы салмағы 3 граммнан асады. Егер де, сіз, есірткі бойынша қандай да бір ақпараттарды білсеңіз, бірден полицияның “102” нөміріне хабарласыңыз. Бұл өз кезегінде есірткіге байланысты қылмыстардың азаюы мен жолын кесуге септігін тигізеді.
ТО ПД баспасөз қызметі