Ордабасы ауданы ПБ кезекші бөліміне мекемелердің бірінен хабарлама келіп түскен. Онда электр желілері мекемесі қызметкерінің бірі өзіне сеніп тапсырылған электр жүйесін қою мүмкіндігін иемденіп, 2 тұрғын үй мен 1 дүкенге заңсыз есептеуіш құралын орнатқандығы туралы көрсетілген. Келтірілген жалпы шығын көлемі 1 000 000 теңгеге жуық. Аталған дерек ҚК 189-бабы, яғни «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша СДТБТ-ға тіркелді. Орын алған жайтты аз уақыт ішінде ашу мақсатында аудандық полиция қызметкерлерінен жедел тергеу тобы құрылып, оқиға орнына жедел жетті. Тәртіп сақшыларының жан-жақты жүргізген жұмыстарының нәтижесінде күдікті ретінде екі ер азамат анықталды. Олар жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі уақытта аталған жайтқа байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Белгілі болғандай, күдікті екеу тұрғындардың ескі жарық есептеуішін жаңасына ауыстырып, одан түскен ақшаны өз қалталарына басып қалған. Осылайша оңай жолмен тапқан олжаларын өзара бөлісіп, қажеттіліктеріне жұмсаған. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарды қырағы болуға шақырады. Жақын таныс емес адамдарға сенбеуге кеңес береді. Егер де, сіз, осындай жайттың құрбаны немесе куәсі болсаңыз бірден полиция қызметкерлеріне хабарласыңыз.
ТО ПД баспасөз қызметі