Қазақстанда қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы тұрғыда жергілікті аудандар да дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – қоғамдағы татулықты нығайту, жастарды жат діни идеологиялардың ықпалынан қорғау және ұлттық бірегейлікті сақтау.
Діни сауаттылық – әрбір азаматтың дін туралы дұрыс әрі сенімді ақпаратты білуі, дәстүрлі рухани құндылықтарды құрметтеуі және күмәнді діни ақпаратты ажырата алуы. Қазіргі таңда интернет пен әлеуметтік желілер арқылы түрлі жалған мәліметтер мен деструктивті діни ағымдардың насихаты таралуы мүмкін. Сондықтан тұрғындардың, әсіресе жастардың діни білімін арттыру – уақыт талабы.
Сарыағаш ауданында дін саласындағы тұрақтылықты сақтау, тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру және ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды.
Кездесуге Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің маманы Өгембай Ғалымжан қатысты.
Іс-шараның мақсаты – тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру, қоғамдағы тұрақтылықты нығайту және азаматтардың радикалды идеологияларға қарсы иммунитетін қалыптастыру.
Кездесу барысында дәстүрлі ислам құндылықтарының қоғам өміріндегі маңызы, деструктивті діни ағымдардың белгілері мен олардың теріс ықпалы, діни ақпараттарды сенімді дереккөздерден алу қажеттілігі жөнінде кеңінен түсіндірілді.
Ұлттық құндылықтарды насихаттау да қоғамның рухани тұтастығын нығайтудың маңызды тетігі болып табылады. Қазақ халқының салт-дәстүрі, үлкенге құрмет, кішіге ізет, отбасы бірлігі, еңбекқорлық, отансүйгіштік сияқты асыл қасиеттер жастар тәрбиесінің негізі болуы тиіс. Ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі рухани мұраны дәріптеу жастардың бойында жауапкершілік пен елге деген сүйіспеншілікті қалыптастырады.
Деструктивті және заңмен тыйым салынған діни ағымдар қоғамдағы бірлікке, отбасы институтына және қоғамдық қауіпсіздікке кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан әрбір азамат діни мәселелер бойынша тек ресми әрі сенімді ақпарат көздеріне сүйеніп, қажет болған жағдайда білікті мамандардың кеңесіне жүгінгені дұрыс.
Сонымен қатар, жастар арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеудің өзектілігі, отбасы институтының рөлі, діни экстремизм мен радикалды идеологиялардың алдын алу мәселелері талқыланды. Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға теологиялық және құқықтық тұрғыда нақты жауаптар берілді.
