Есірткі бизнесіне және нашақорлыққа қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын орындау мақсатында Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІБ қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 25 жастағы Тараз қаласының тұрғынын ұстады. Жеке тінту кезінде оның күртесінен 92 дана көк түсті оралған заттар табылып, тәркіленді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат – жалпы салмағы 47,86 грамды құрайтын «Альфа PVP» синтетикалық есірткі заты екені анықталды.
Сонымен қатар, айғақтарды тексеру кезінде күдікті бұрын есірткі орамдарын жасырған орындарын көрсетті.
Нәтижесінде Тараз қаласының Төле би көшесінің бойында және үш шағын ауданда жалпы салмағы 3,44 грамм «Альфа PVP» синтетикалық есірткі затының 7 орамы табылды.
Барлық тәркіленген есірткінiң салмағы 51 грамм 3 миллиграмды құрайды.
— Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігімен (Аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын заңсыз сақтау) сотқа дейінгі тергеу басталды. Бапқа сәйкес 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылған,- деді Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІБ бастығы, полиция полковнигі Әлім Бажықбаев.
Ұсталған азамат кінәсін мойындады, тергеу әрекеттері жалғасуда.