Түркістан облысы полиция департаменті

Подполковник Бахыт Сейсебаева: «Полиция қызметкері болу үшін білім де, білік те, білек те керек»

Полиция қызметкері – халықтың қорғаны. Қоғамдық қауіпсіздіктің кепілі. Бұл жолда бүгінде абыройлы қызметімен көрініп жүрген тәртіп сақшылары көп. Солардың бірі де, бірегейі Бахыт Сейсебаева.

Бахыт Шәріпұлы ішкі істер органдарында 1996 жылдан бері абыройлы қызмет атқарып келеді. Шымкент қаласында патрульдік полиция қызметінде, қылмысты іздестіру саласында еңбек етті. Облыстық полиция департаментінде де өзінің білімі мен біліктілігінің жоғары екендігін көрсете алды.

Тәжірибесі мол тәртіп сақшысы еңбек жолында көптеген қылмыстық оқиғалардың ашуылына ұйытқы болған. Қоғамның тыныштығын бұзып, тұрғындардың өміріне қауіп төндіріп, зиян келтірген алаяқтармен қылмыскерлерді құрықтап, қылмыстардың алдын алды.   

Бұл қызметі үшін облыстық полиция департаменті басшылығы тарапынан, жергілікті әкімдік пен мәслихат аппараты атынан мадақтамалар мен алғыс хаттарға ие болды.

– Полиция қызметкері болу мен үшін үлкен абырой. Бала күнімде «өскенде полицей боламын» деп алдыма мақсат қойдым. Себебі, шен тағып, форма киген сақшыларға қатты қызығушы едім. Арманым алдамады. Қазір қоғамдық тәртіпті қадағалап жүрмін – дейді полиция подполковнигі.

Бахыт Шәріпұлы Шардара ауылында туылған. Жергілікті мектепті бітірген соң, ҚР ІІМ қарасты Павлодар Заң колледжінде білім алды. Кейіннен Қазақ гуманитарлық Заң университетінде «Заңгер» мамандығын меңгерді. Еңбек жолында білікті де, білімді полицейлердің қасында жүріп тәжірибе жинақтап, абырой биігінен көрінді. Қазіргі кезде полиция подполковнигі Түркістан облысы, Қазығұрт аудандық полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары болып, жеке құрамның жұмысын қадағалауда.

–       Жеке құраммен жұмыс атқару барысында көптеген нұсқаулықтарды қолданамыз. Әсіресе, тәрбиелік маңызы бар іс шараларды көптеп өткіземін. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу барысында да семинарлар өтіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.  Нәтижесі де жақсы. Ауданда теріс қылық, заңсыз әрекетпен жұмыстан босаған полиция қызметкерлері жоқ – дейді ол.

Қазығұрттық полиция қызметкерлері өздерін әрдайым жақсы жағынан көрсетіп келеді. Мақтарал ауданын тасқын су басқанда, Арыс қаласындағы жарылыс кезінде жеке құрам бірден көмекке барған. Одан бөлек, қазіргі кезде қоғамның тыныштығы жолында күндіз– түні қызметін жалғастырып келеді. Нәтижесінде ауданда тіркелген қылмыстар азайып, ашылуы артқан.

–       Полиция қызметкері болу үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болуы, азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайы болуы да аса маңызды. Осындай толып жатқан талаптардың үдесінен шығуға баса назар аударып отырамыз. Жеке құрамға жаңадан қосылған жастарға да тәрбиелік жұмыстар жүргіземіз – дейді подполковник.

Бахыт Шәріпұлы бос  уақытын балаларына арнайды. Одан бөлек, спортзалға барып, шынығады. Кітап оқиды. Әріптестері де тәжірибелі тәртіп сақшысымен бірге қызмет етіп жүргендіктерін мақтан тұтады. Жеке құрам тиянақты жұмысанан үлгі алады.

Нұрлан Қуанышбек